Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу үшін соғысқан батырлар рухына тағзым етті

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде Мәңгілік алауға гүл қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті Белгісіз жауынгер бейітінің жанындағы Мәңгілік алауға гүл қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырлардың рухына тағзым етті. Рәсім соңында Мемлекет басшысы Құрмет қарауылының сап түзеп өткен салтанатты маршын көрді.

Александр бағындағы Мәскеу Кремлінің қабырғасын бойлай орналасқан «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориал сәулет кешені Мәскеу үшін соғысқан жауынгерлердің құрметіне 1967 жылы салынған. Кешенге Ресей мәдени мұрасының нысаны, сонымен бірге Жалпыұлттық әскери даңқ мемориалы мәртебесі берілген.

Құрмет қарауылының маршы
Құрмет қарауылының маршы. Фото: Аkorda.kz

Еске салайық, 3 сәуір күні Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге Президент ретінде алғашқы ресми сапармен барып, Ресей Президенті Владимир Путинмен кездескен еді. Қазақстан мен Ресей басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіп, бірлескен мәлімдеме жасады.