«Қазақстан — менің алтын бесігім» республикалық балалар фестивалі өтті

Алматыда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар арасында республикалық фестиваль өтті. Фестивальге ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері қатысты. «Қазақстан – менің алтын бесігім» республикалық балалар фестивалі 28 ақпанда басталып, 1 наурызда қорытындыланды.

Фестиваль аясында «Ризамын халқыма» театрландырылған музыкалық қойылымдар байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқауда «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілері «Менің атым – Қожа» мюзиклін сахналап, бас жүлдені ұтып алды. Бұл туралы Алматы облысының білім басқармасы хабарлады.

Фестивальдің мақсаты — жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың шығармашылық әлеуетін қалыптастыруға ашық кеңістік құру. Сонымен қатар олардың бойына қоғамның дәстүрлі, мәдени, рухани және адамгершілік құндылықтарына негізделген азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, төзімді болуға тәрбиелеу және Қазақстан халқының түрлі этностарының дәстүрлерін зерттеуге қызықтыру.