Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Алматы облыстық М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде балалар арасында сурет байқауы өтті. Байқау әйгілі кескіндемеші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі — Әбілхан Қастеевтің 115 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. «Қазақстанның бейнелеу өнерi мен Әбілхан Қастеев мұрасы» байқауының мақсаты — біртуар суреткер шеберлігін насихаттау, жасөспірімдер мен балалардың сурет салуға деген қызығушылығын арттырып, дамыту. Бұл туралы Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы хабарлады.
Сурет байқауы ақпанның 10-ында жарияланған. Суреттер 20 наурызда қазылар алқасы — Суретшілер одағына өткізілді. Байқаудың қорытындысы М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде жарияланып, көрме ұйымдастырылды.
Келушілер балалар суреттерінен құралған көрмені тамашалап, жас өнерпаздардың еңбегін бағалады. Балалар диплом мен алғыс хат иеленіп, сыйлықтар алды. Жас суретшілердің жетекшілері де назардан тыс қалмады. Олардың еңбегін ұйымдастырушылар алғыс хатпен бағалады.
14 қантарда бірегей суретші Әбілхан Қастеевтің туғанына 115 жыл толды. Әбілхан Қастеев Алматы облысына қарасты Жаркент төңірегінде дүниеге келген. Ол еңбек жолын Түрксіб темір жол құрылысында жұмысшы болып бастады. 1929-1936 жылдары Мәскеудегі көркемсурет студияcында Н.Г.Хлудов пен И.Бродскийден сабақ алды. Әбілхан Қастеев — халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындылардың авторы.