Талдықорғанның бас көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді

Алматы облысы орталығының ең ұзын «Тәуелсіздік» көшесінің атауы Нұрсұлтан Назарбаев болып өзгертілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Барлық қалалардағы бас көшеге Қазақстанның тұңғыш президенті, «Халық қаһарманы» атағының иегері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ұсынысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тастаған еді.

Талдықорған қаласының ең ұзын, әрі басты көшесі — «Тәуелсіздік» деп аталатын. Оның жалпы ұзындығы — 6,8 шақырым, ені — 16-18 метр.  Көше қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін созылып жатыр. Оның бойында қаланың ең көрікті нысандары мен тарихи ескеркіштері орналасқан. Мысалы, қазақ билеріне арналған «Үш ата» ескерткіші, қазақтың белгілі ақын-жазушысы Ғали Ормановтың бюсті, қазақ батыры Қаракерей Қабанбайдың ескерткіші және тағы басқа мәдени кешендер бар. Ал ең көрікті нысандары: Орталық саябақ, «Аквапарк» демалыс орны, Ілияс Жансүгіров атындағы университет, 5 колледж, 2 орта мектеп, орталық алаң, мәдениет сарайы, мұражай және тағы басқа нысандар орналасқан.

Тәуелсіздік көшесі Еркін ауылдық округінде орналасқан айналма жолынан басталып, Қадырғали Жалаири даңғылына дейін созылған. Онда 5-12 қабат аралығындағы 51 тұрғын, 81 жер үй орналасқан. Көше бойында 35 мыңнан астам адам тұрады. Облыстық коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Талдықорғандағы ең көрікті көшенің Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталуына арналған салтанатты шара ертең 12:00-де өтеді.