Талдықорғанның орталық алаңында әуенді субұрқақтар іске қосылды 

Субұрқақтарды Алматы облысының әкімі Амандық Баталов салтанатты түрде ашып берді.

Оның айтуынша, қолданысқа берілген жеті субұрқақ Жетісу символы іспетті.

Бүгінде Талдықорған өзінің әсем де көрікті келбетімен алыстан көз тартады. Шаһарымыздың күн сайын жаңарып, гүлденуі — бәріміз үшін зор қуаныш. Біз қаламыздың мәдениет пен өнердің, спорт пен туризмнің орталығына айналып келе жатқанына қуанамыз. Өздеріңіз білетіндей, «Жастар» саябағы, «Қаратал» жағалауы, орталық саябақ облыс орталығының ажарын айшықтап, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды. Бүгін салтанатты жағдайда ашылып отырған субұрқақ қаламыздың сұлулығын, көркін, ажарын одан әрі аша түседі деп ойлаймын. Қаламыздың келешекте құлпырып, көркейе беретініне сенімім зор, — деді Амандық Баталов.

Әкім субұрқақ құрылысын сапалы жүргізген «Асат Құрылыс» және ANOR ЖШС-ға алғысын білдірді. Шара барысында облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов пен қала тұрғыны Елена Руслановна сөз алып, қуанышты екенін айтты.

Бейбіт Қорған, Айдана Меденова сияқты эстрада әншілері мен «Асыл» және Renzo топтары талдықорғандықтардың қуанышына ортақтасып, ән шырқады.