Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысына 2018 жылдың қорытындысы бойынша қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев барлық инженерлік-көлік инфрақұрылымын іске қосуды көздейтін және астананың 2019-2023 жылдарға арналған шағын құрылысы жөніндегі кешенді жоспармен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев жеңілдігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін қабылданатын шаралар туралы және жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі есепті де тыңдады.
Мемлекет басшысы Бақыт Сұлтановқа ел астанасын одан әрі дамыту, соның ішінде қала көшелерін, саябақтар мен гүлзарларды лайықты абаттандыру, тазалық пен тәртіпті сақтау бойынша қала мәдениетін қалыптастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Президентке еліміздегі адам құқықтарының сақталуы және өзінің осы бағыттағы қызметі жөнінде мәлімет берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың, соның ішінде кедей отбасылар мен көпбалалы аналардың негізгі құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін, сотталғандарға қатыгездік көрсету фактілеріне жол бермеу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеу қажет екенін айтты.
Президент құқық қорғау мәселесін жіті назарда ұстайтынын айтты.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Президентке министрлік жұмысының нәтижелері мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділікті және қайта өңделген өнімнің экспортқа шығарылуын арттыру үшін министрліктің алдына қойылған міндеттерді сапалы жүзеге асырудың маңызды екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылға дейін техникалардың жаңартылу қарқынын 2-ден 6%-ға және суармалы егіншілік жерлерін 1,4 миллионнан 2 миллион гектарға арттыру, ауыл шаруашылығы жоғары технологиялық жүйесінің кешенін пайдалану, егістік алқаптарын әртараптандыру, тұқым сапасын жақсарту, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы ірі қара малдың тұқымын зерттеу мен қайта асылдандыру үшін заманауи технологияны енгізу, отбасылық мал шаруашылығын құру және пайдаланылатын жайылымдардың көлемін ұлғайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.