Халықтың нақты табыс табуына қатысты мәселелерді тек бюджеттік шығындар есебінен шешу мүмкін емес екенін түпкілікті түсінген жөн. Республикалық Egemen Qazaqstan және Aiqyn газеттеріне сұхбат берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

Халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс сапасын жақсарту ешқашан күн тәртібінен түспейді. Біз, тіпті, эко­номикалық жағдай қазіргіден әлдеқайда қиын кезеңде де еліміздегі әлеуметтік ахуалға ерекше көңіл бөлдік қой. Мысалы, көпбалалы аналардың жағдайы – жалпы әлеуметтік саланың барометрі. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады. Сапалы медициналық көмек, лайықты білім алған баладан отаншыл, мықты азамат шығады, яғни адами капиталды дамыту аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен тікелей байланысты. Аналарымыз отбасының ғана емес, қоғамның да ұйытқысы екенін ұмытпауымыз керек, – деп жауап берді Президент “Egemen Qazaqstan республикалық газеті” АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің сұрағына.

Президент бұл сұхбатында алдағы уақытта әлеуметтік салаға 2 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалатынын еске салды.

Аз қамтылған көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынады. Өңірлерге жасаған сапарымда мен облыстардағы баспана құрылысының жүргізілу барысын жіті қадағалаймын. Еңбекақыны өсіру, денсаулық сақтау саласын ілгерілету, демографияны дамыту, өңірлердегі инфрақұрылымдарды жақсарту сияқты жұмыстардың бәрі жос­парлы түрде іске асырыла береді. Бұл – бұлжымайтын жоспар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атамекеніне оралушы қазақтар мәселесі туралы да айтты. Ол шетелдегі қазақтарды “оралман” деп атауға және олардың мәселесін саясаттандыруға қарсылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, шетелдегі қандастарды атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жастар жылының ашылуында және Nur Otan партиясының ХVIII съезінде берген бес әлеуметтік бастамасы мен тапсырмалары кешенді жүзеге асырылатынын айтты.

Мен бюджет саласының төмен жалақы алатын қызметкерлерінің еңбекақыларын бір ай бұрын – 1 маусымнан бастап өсіруді тапсырдым. Аталған шара миллионнан астам қызметкердің өміріне оң ықпал етеді. Азаматтарды бірінші кезекте не толғандырады? Әрине, баспана мәселесі. Осыған байланысты әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер бөлу қарастырылып отыр. Әкімдер бұл іске биылғы мамырдан бастап кіріседі. Біз, алдымен әр қазақстандықтың тұрмыс сапасын жақсартуды ойлаймыз. Сондықтан халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық сипат­тағы мәселелерге назар аудару қажет. Бұлар – тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы саласындағы, яғни жылумен және сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйе­сі, сонымен бірге жолдар, газдандыру мәсе­лелері, экология және қауіпсіздік түйт­кілдері. “Құтты мекен” және “Ауыл – ел бесігі” жобалары осы міндеттерді орын­дауға бағытталған. Бұл жобаларды жү­зеге асыру үшін алдағы үш жылға трил­лионнан астам теңге қарастырылып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сұхбатында Үкімет пен әкімдер бюджет қаржысы түпсіз құдық еместігін ұғынуы қажет екенін де айтты.

Бөлінген қаржы нақты экономикаға жедел жетуін қамтамасыз ету қажет. Осы орайда аталған жобаларға отандық өндірушілердің барынша мол тартылуын бақылауға алуды тапсырдым. Бұл әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар өңірлердің экономикасын ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өңірлер мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға белсенді атсалысуы қажет. Бүгінде әкімдіктер әлеуметтік көмектің 10-нан астам түрін көрсетеді. Олардың ішінде жәрдемақы төлеу, баспанамен қамтамасыз ету, жол жүру жеңілдіктері, тегін тамақ беру және басқалары бар. Алайда, тұтастай алғанда, өңірлерде әлеуметтік қолдау шараларына 5,3%-ға жуық қаржы бөлінеді. Әлеуметтік төлемдердің айтарлықтай бөлігі республикалық деңгейде жүзеге асырылады. Қолданыстағы бюджет теңдестірілмеген және қайта формат­тауды талап етеді. Бюджеттің толығу көз­деріне жан-жақты сараптама жүр­гізілмейді. Екіншіден, бюджеттің 1өн­діріссіз шығындары1 бар. Көптеген қажетсіз, жөнсіз шығынға жол беріледі, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктерге ысырапты тоқтатуды және азаматтардың масылдық пиғылына жол бермеуді де ескертті.

Халықтың нақты табыс табуына қатысты мәселелерді тек бюджеттік шығындар есебінен шешу мүмкін емес екенін де түпкілікті түсінгеніміз жөн. Біз бюджетке қатысты көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Мысалы, жергілікті әкімдер көлікті, жиһазды аса қымбатқа сатып алады. Оған қоса жергілікті атқару органдары түрлі имидждік іс-шара өткізуге құмар. Осындай шығындарды тоқтатып, жергілікті бюджет қаржысын әлеуметтік іс-шараларға жұмсау керек. Жалпы, ысырапшылдыққа тосқауыл қою қажет, бюджеттің жым­қы­рылуын мүлдем жою керек. Масылдық пиғылға да жол бермеуіміз керек. Азаматтарымыз үшін ең ұтымды әлеуметтік қорғау – бұл өз бизнесін жүр­г­ізуге мүмкіндігінің болуы немесе білікті еңбегі үшін лайықты еңбекақы алуы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.