Ауыл шаруашылығы министрі нан бағасы қалай өзгеруі мүмкін екенін айтты

Қазір жоғарғы сортты ұннан пісірілген нан 134-142 теңге тұрады.

Нан нан
Фото: Іnform.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров нан бағасының ауытқу ықтималдығы туралы айтты. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, бүгінде Қазақстанда баға бағдарланатын екі түрлі нан бар. Оның бірі жоғарғы сортты ұннан, екіншісі бірінші сортты ұннан пісіріледі.

Мониторинг пен реттеу жүргізілетін, әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарлары тізіміне барлық нан емес, бірінші сортты ұннан пісірілетін нан ғана жатады. Бүгінде нанның бір бөлкесінің бағасы – өзіміз көріп отырғандай, 75-78 теңге. Жоғарғы сортты ұннан пісірілген нан 134-142 теңге тұрады. Қазіргі таңда нан бағасы күрт көтеріледі деген алаңдаушылық туғызатын жағдайлар жоқ, – деді Сапархан Омаров.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2015 жылы Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімімен нан бағасын реттеуден бас тартуға қолдау білдірілді. 2016 жылғы бағамен салыстырғанда 2019 жылы әлеуметтік нан бағасы 6 теңгеге өскен. Министрдің айтуынша, астық бағасы өсіп келеді, бірақ бұл орайда астық бағасының нанның өзіндік құнындағы үлесі 50% болатынын ескеру керек, ал қалғаны – жанар-жағармай, жалақы, электр энергиясы, әкімшілік және басқа да шығындар.

Қазір өңір әкімдіктері тұрғындарға арналған әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының күрт көтерілуіне жол бермеу шараларын қабылдап отыр. Өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тетігі белсенді қолданылып келеді, оларға кейіннен тұрғындар қамтамасыз етілетін бірқатар тауар түрі сатып алынады. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға арналған 3,1 миллиард теңге көлемінде қаржы бар, бұл қаражатты әкімдіктер нан бағасын тұрақтандыруға да бағыттай алады.