Әсет Мағауов қайтадан Энергетика министрінің орынбасары болды

Әсет Мағауов ҚР Энергетика вице-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Әсет Маратұлы Мағауов ҚР Энергетика вице-министрі қызметіне тағайындалды. Болат Ақшолақов берілген өтінішіне сәйкес лауазымынан босатылды, — делінген хабарламада.

Әсет Мағауов 1972 жылы Атырау облысының Құлсары ауылында дүниеге келген. И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай химиясы және газ өнеркәсібі институтын тәмамдаған, Халықаралық валюта қорында және Азия даму банкінде тағылымдамадан өткен. Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. «Теңізмұнайгаз» АҚ, «Қазақойл» ЖАҚ, «Мұнай және газ тасымалдау» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кәсіпорындарында жұмыс істеген.

2008-2010 жылдары ҚР Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі, 2010-2011 жылдары ҚР Мұнай және газ вице-министрі болды.

2017 жылғы желтоқсаннан бастап KAZENERGY қауымдастығының бас директоры лауазымын атқарды. Оған дейін Энергетика министрінің орынбасары болып қызмет етті. 2017 жылы елдегі бензин тапшылығына байланысты Үкіметтің сол кездегі басшысы Бақытжан Сағынтаевтың ұсынысымен қызметінен босатылған еді.