Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес 1 шілдеден бастап атаулы әлеуметтік көмек критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін көтеріледі, яғни 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін.

Атаулы әлеуметтік көмекті кімдер ала алады?

Толық, толық емес, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты жағдайы төмен адамдар, жұмыс істеуге жарамды, бірақ күтімді қажет ететін мүгедек немесе қарт кісіге қарап отырған адам, тіпті екі ай бойы денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз жандар да атаулы көмек алуына болады.

Атаулы көмектің шартты және шартсыз түрлері бар

  • Шартсыз ақшалай көмек жұмыс істеуге денсаулығы жарамайтын, мүгедек балаға, мүгедек ересек адамға қарап отырғандықтан жұмыс істей алмайтындарға беріледі.
  • Шартты ақшалай көмек жалғызбасты әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыс істеуге қабілетті, бірақ жұмыссыз адамы бар отбасыларға беріледі. Мұндағы қойылатын шарт — уақыт өте келе жұмыссыз адамға жұмыс ұсынып, оны жұмысқа орналастырады.

Осының ішіндегі көпшілікке түсініксізі — шартты ақшалай көмек. Сол туралы түсінік берейік.

Қандай жағдайда алады?

Отбасылық табысты бөлгенде әр адамға 14 849 теңгеден төмен шықса, осы көмек түрін алуға құжат тапсыруыңызға болады. Бұл сома 1 шілдеден бастап 20 789 теңгеге дейін көтеріледі. Егер үйде екі адам болса, табысыңыз 41 578 теңгеден (20 789 теңге х 2)  аз болса, атаулы көмек алуға құқығыңыз бар.⠀

Мысалы: отбасылық табыс — 160 000 теңге. Төрт баланың ата-анасы болсаңыз, 160 000 / 6  сонда әр адам басына 26 666 теңге шығады. Мұндай жағдайда берілмейді.

Егер сіздің жалақыдан бөлек табысыңыз болса, ол жергілікті әкімдіктің шешімімен есепке алынады.

Атаулы әлеуметтік көмек отбасының оны алуға құқығы бар әрбір мүшесіне тағайындалады.

Отбасы құрамына мына адамдар кірмейді:

  • толық мемлекеттік қамсыздандырудағы адамдар;
  • мерзімді әскери қызметте жүрген адамдар;
  • бас бостандығынан айыру орынындағы, мәжбүрлі емдеудегі адамдар.

Құжатты қайда тапсыру керек?

Көмек алу үшін қажетті құжаттарды жергілікті әкімдікке, ал аудан орталығында, қалада тұрсаңыз, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа немесе Халықты жұмыспен қамту орталығына тапсырсаңыз болады.

Құжаттар тізімі отбасының жағдайына байланысты әртүрлі. Сондықтан нақты қандай құжат керегін жергілікті әкімдіктен, Халықты жұмыспен қамту орталығынан немесе ХҚКО сұрап алу керек.

Жалпы керек құжаттар ішіндегі негізгілері: отбасы мүшелерінің жеке куәлік көшірмесі, мекенжай анықтамасы, отбасының табысы туралы анықтамалар, жұмыс орнынан айлық жалақысы туралы, зейнетақы аударымдары туралы және жұмыссыз болса, жергілікті әкімдіктен жұмыссыздығы туралы анықтама.

Берілетін көмектің сомасы тұрғылықты аймаққа бөлінген бюджет көлеміне байланысты болады.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін талап етілетін құжаттар тізімі қысқартылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев 5 наурыз күні Үкімет отырысында атаулы әлеуметтік көмек алу үшін отбасыдан бір ғана құжат — жеке куәлік талап етілетінін айтты. Министрдің айтуынша, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасының мәліметтерін «Е-халық» базасына енгізу үшін қажет құжат жинаумен жергілікті атқарушы органдар айналысады.