Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін шілдеден бастап бір ғана құжат талап етіледі

Қазақстанда әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін талап етілетін құжаттар тізімі 1 шілдеден бастап қысқартылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты.

Қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек алу үшін отбасы мүшелерінің жеке куәлігі, жеке қосалқы шаруашылық туралы мәлімет, банк шотының нөмірі, балалардың туу туралы куәліктері, неке туралы куәлік, жұмыс іздеуші адам ретінде тіркеуге тұру жөніндегі өтініш, еңбек жолын растайтын құжат (болған жағдайда), азаматтың білімі, біліктілігі, арнайы білімі немесе кәсіби дайындығы туралы куәлік (болған жағдайда) талап етіледі.

Енді 1 шілдеден соң атаулы әлеуметтік көмек алу үшін отбасыдан бір ғана құжат талап етіледі — жеке куәлік. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасының мәліметтерін «Е-халық» базасына енгізу үшін қажет құжат жинаумен жергілікті атқарушы органдар айналысады.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың студент балаларына 23 жасқа дейін жәрдемақы төленетіні және атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасылардың әр баласына 20 789 теңгеден төленетіні хабарланған еді.

Аз қамтылған отбасы балаларына берілетін жәрдемақы да өзгереді. Егер ол 1 шілдеге дейін 4 834 теңге болса, 1 шілдеден бастап 20 789 теңгеге жетеді. Ол 18 жасқа дейін төленеді. Егер ол балалары оқитын болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Оған қосымша ата-анасына табыстары күнкөріс айырмашылығын есептегенде күнкөріс деңгейінен төмен болса, онда да оларға қосымша жәрдемақы төленеді, — деді ол.

ДереккөзTengrinews.kz