«Шұғыла» қоғамдық қоры

Қордың көмегімен балалар қалай білім алады?

«Шұғыла» қорының президенті Сәрсенбек Имамбаевтың айтуынша, қор екі бағыт бойынша жұмыс істейді. Соның біріншісі — тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету, ағылшын тілін үйрету. Осы бағыт бойынша «Білім жолы» жобасы үш жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Сабақ 1,5 сағат көлемінде аптасына үш мәрте жүргізіледі. Қазір түске дейін және түстен кейін 20-30 шақты бала білім алып жатыр. Балаларға тек білім беріп қоймай, оларды жақсы жаққа тәрбиелеуді, өзін жеңе білу қасиеттерін үйретуді мақсат тұтамыз. Бала болғаннан кейін олардың ойнағысы келеді. Бірақ ойын деп жүріп дисциплинаны ұмытып кетпеуіміз керек. Балаларды тұрақтылыққа, табандылыққа ынталандыруға тырысамыз. Өйткені бұл мектеп емес, баға қоймаймыз, жазалайтын құқығымыз да жоқ. Біздегі жалғыз құрал — марапаттау, шабыттандыру. Ол үшін сыйлық беруге, айына бір рет қыдыртып, ойын-сауық орталықтарына, кинотеатрларға, тағы басқаларына апаруға тырысамыз, — дейді Сәрсенбек Имамбаев.

оқушы, қайырымдылық
Фото: «Шұғыла» қоғамдық қоры

Жаз мезгілінде интенсив сабақтар жүргізіледі. Қор президентінің айтуынша, «Білім жолы» жобасына ағылшын тілін үйренгісі келетін барлық бала қатыса алады. Бастысы — бала сабаққа өзі барып, келе алуы керек. Жоба тек Алматы бойынша жұмыс істейді.

Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, киім-кешек қалай таратылады?

Қор жұмысының екінші бағыты әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды азық-түлікпен, киіммен қамтамасыз етуге бағытталған. Қордың тізімінде тұрмысы төмен отбасылардың тізімі бар. Сол тізімді ауыр не нашар тобына бөліп, мұқтаждықтарына байланысты әртүрлі көмек беріледі.

Жылдар бойы ауыл-аймақты аралап, отбасылардың хал-ахуалын анықтап тізімге енгіздік. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Көмекке мұқтаж адамдар өздері де тізімге жазыла алады. Ол үшін анкета толтыруы керек. Одан кейін көз жеткізу мақсатында тексереміз. Содан кейін тізімге аламыз, — дейді Сәрсенбек Имамбаев.

Береке жобасы
Фото: «Шұғыла» қоғамдық қоры

Қайырымдылық жобалары

«Ең керемет күн» жобасы бойынша балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға біркүндік мереке ұйымдастырылады. Жоба жыл мезгілдеріне байланысты түрлі форматта өтеді. Мысалы, жазда тауға шығып, барбекю пісіріп, ойын-сауық ұйымдастырылады. Жоба шамамен әр екі ай сайын бір рет өткізіледі.

«Береке» — азық-түлік таратуға бағытталған жоба. Ең қажет — ұн, май, қант, шай сияқты ұзақ  сақталатын азық-түлік үлестіріледі. Еріктілер жылына шамамен үш-төрт рет тізімдегі отбасыларға таратып шығады. «Шұғыла» қорының тізімінде 1000-ға жуық отбасы бар.

«Мектепке жол» жобасы бойынша оқушылар оқу-құралдарын түгендей алады. Шара жылына екі рет — тамыз және қаңтар айында ұйымдастырылады.

«Жанұяға жылу сыйла» жобасымен тұрмысы төмен отбасыларға көмір таратылады. Қор президентінің айтуынша, бұл көмекке ауыл-аймақтағы отбасылар көбірек мұқтаж.

«Жанұя-жанұяға көмек» — әлеуметтік дүкен. Бұл жобаға адамдар киюге жарамды киімдерін, тұрмыстық-техникаларды, ойыншықтарды әкеліп тапсырады. Басқа отбасы дүкеннен алты айда бір рет 10-15 келі көлемінде зат ала алады. Дүкеннен күніне шамамен 20 адам өзіне қажетін алып кетеді. Олардың ішінде ең көп алынатыны ойыншықтар екен.

«Шұғыла» қорын кім қаржыландырады?

Қорға қаражат заңды тұлғалардан, сайттан, әлеуметтік желілер арқылы халықтан жиналады. Алматыда 100 жуық орында қайырымдылық жәшіктері орнатылған. Қорға тек қаржылай ғана емес, ірі компаниялардан заттай қолдау көрсетіледі.

Қоғамдық қор туралы Shugyla.kz сайтынан толығырақ біле аласыз.

«Бауыржан» қайырымдылық қоры

«Бауыржан» қайырымдылық қоры — Қазақстандағы ауқымды шаралар — «Алтын жүрек», «Кітап Fest», «Арманыңа жақында», «Сенің күнің, донор!» атты әлеуметтік жобалардың негізін қалаушы және ұйымдастырушысы. Қор 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

"Алтын жүрек"
Фото: Baurzhan қоры

Жобаның барлығы қоғамды жақсартуға бағытталады. Бұл қайырымдылық қоры болғанымен адамдардан ақша жинаумен немесе оны берумен айналыспайды. Бастапқыда ондай да көмек көрсетілді. Бірақ жылдар өте келе ең алдымен үлкен топтың ойын өзгерту қажет екенін ұқтық. Сол себепті де ауқымды шараларды ұйымдастыруды мақсат еттік. Қазір қоғамдағы проблеманы шешкеннен гөрі оның алдын алу үшін осы шараларды ұйымдастырамыз, — дейді әлеуметтік жобалар жетекшісі Майра Әлжанова.

Қайырымдылық қорының 15 жылдағы жетістігі

«Сенің күнің, донор» жобасы 10 жыл бойы жұмыс істеді. Жобаның пайда болуына қордың негізін қалаушы Жұлдыз Омарбекованың досының сырқаты себеп болған. Бұл жобаның мақсаты адамдарды қан тапсыруға шақыру, олардың көмегіне өзге адамдардың мұқтаж екенін жеткізу, донор болуға үгіттеу болған. Жоба кезінде 2015 жылы 1800 литр қан жиналып, тиісті орындарға жеткізілген. Адамдардың өз бетінше донор болуы қалыпты жағдайға айналғаннан кейін жобаның миссиясы орындалып, жабылды.

"Алтын жүрек"
«Алтын жүрек» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі

Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көмек, оның ішінде үйді жөндеуден өткізу жобасы 2013 жылы басталған. Кейін көптеген ұйым ардагерлерге көмек көрсетуді ары қарай жалғастырған соң жоба тоқтатылған.

Қайырымдылық қоры туралы Baurzhan.kz сайтынан толығырақ біле аласыз.

«Сәби»  қайырымдылық қоры

«Сәби» қоры жетім балаларға және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, әлеуметтік-қорғалмаған отбасылардағы дарынды балаларға, денсаулығында ауыр кінәраты бар балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетумен айналысады. Қайырымдылық қоры 2002 жылы құрылған. 17 жыл ішінде сегіз жоба іске асқан.

сәби қоры
«Өз ісіңді баста 2019» жеңімпаздары. Фото: Saby.kz

«Сәби» қоры қайырымдылықтың не екенін түсінуге, филантропияны көмек алушыға тиімді және демеушіге тартымды етуге көмектеседі. Осыған байланысты Ежелгі Қытай философы Лао Цзыдың сөзін айта кетуге болады: «Егер мұқтажға балық беретін болса, ол күні бойы тоқ жүреді. Егер оған қармақ беретін болса, ол өмір бойы тоқ жүреді». Ұстанымымыз — өмір белсенді филантроптардың емес, адамдардың өз күшімен өзгертілуі тиіс. Филантроптар жай ғана осы өзгерістерге бастама жасайды, — дейді қордың жобалар жетекшісі Рысжан Досымжанқызы.

Жеке тұлғалар, мекемелер «Сәби» қорына жобалар бойынша өтініштерін Saby.kz сайтынa жібере алады.

Материалды әзірлеген Ұлдана Сағынтаева

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Sinu Rajendran)