«Алтын жүрек-2018» сыйлығының иегерлері белгілі болды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген ұлттық сыйлыққа биыл 300-ге жуық өтініш түскен. Өтініштер сарапшылық және қоғамдық кеңестен өтіп, 12 номинация бойынша барлығы 36 үміткердің есімі белгілі болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл жаңадан «Қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін» номинациясы қосылған. Нәтижесінде бұл сала бойынша берілетін сыйлыққа Алматыдағы «Тазалық» экологиялық жобасы ие болды.

«Тазалық» — Нұрсұлтан Назарбаевтың «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға бірден-бір үлес қосып жатқан экологиялық жоба. Жоба авторларының бірі Айбек Рахымның айтуынша, қалада қағаз, пластик, полиэтилен қабылдайтын экологиялық бокс орнатылған. Ол мобильдік қосымша арқылы жұмыс істейді.

Тазалық жобасы
Фото: BAURZHAN қорының баспасөз қызметі

Біз жасаған «Тазалық» мобильдік қосымшасы қалдықтарды қайта өңдеуге өткізетін қабылдау пункттерін картадан көрсетеді. Платформадағы жеке аккаунтыңыз арқылы өткізген қоқыстың есебін жүргізіп, табиғатқа қандай үлес қосқаныңызды қадағалап отыра аласыз. Қоршаған ортаны қорғаудағы белсенділігіңіз артқан сайын сізге берілетін дәреже де жоғарылай береді. Өзінің 20 ағаштың кесілуіне кедергі болғанын білу адамдарға қосымша мотивация сыйлайды, — дейді Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің түлегі Айбек Рахым.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Алтын жүрек» сыйлығының мақсаты — осындай, қоғамның дамуына айтулы үлес қосып жүрген азаматтар мен ұйымдарды ынталандыру.

Былтыр 450 үміткерден өтініш түскен. Үміткерлер саны жыл сайын әртүрлі болғанымен елмізде қайырымды жандардың саны көбеймесе, азайған емес. Жалпы біздің сыйлыққа есімі ұсынылған көптеген азамат өздерінің аты аталмауын, жасырын болуын сұрайды. Бірақ біздің сыйлықтың мақсаты сол — алтын жүректі азаматтарды елге үлгі етіп, еңбектерін елеп-ескеру, — дейді ұйымдастырушы Гүлзат Сахова.

2018 жылғы «Алтын жүрек» сыйлығының иегерлері:

«Қазақстанның дамуына үлес қосқаны үшін» — Ольга Батутина мен Илья Байғабылов (Ресей, Мәскеу)

«Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» — Асылбек Қожахметов (Алматы)

«Денсаулық сақтауға қосқан үлесі үшін» — Роза Әлімханова (Қарағанды)

«Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін» — Сейдахмет Қалтаев

«Жыл ұйымы» — «Харекет» қоры (Алматы)

«Ақпараттық қолдаушы» — Bestdoctor.kz порталы (Астана)

«Жыл мецанаты» — Сергей Глушков (ШҚО)

«Спортты дамытып және оны қолдағаны үшін» — Арман Мәшімов (Семей)

«Қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін» — «Тазалық» экологиялық жобасы (Алматы)

«Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» — Гүлнәр Қабылбекова (Алматы облысы, Үштөбе қаласы)

«Жылдың қайырымды адамы» — Болат Өтемұратов (Алматы)

«Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» — Нұржан Әлжанова (Алматы).