Қаламқас кен орны ұңғымасындағы өрт сөнді

Қаламқас кен орнындағы өрт өшті. Бұл туралы Энергетика министрлігінің ресми өкілі Нұрлыбек Жеңісбек хабарлады.

Оның мәліметінше, кен орнындағы № 8237 ұңғымасы маңындағы жалын атқылап жатқан ошақ 28 наурыз күні сағат 01.05-те өшкен. Қазіргі уақытта су-газ қоспасы атқылап жатқан жоқ.

Бұған дейін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің басшысы Владимир Беккер Қаламқас кен орнында атқылаған жалынның ауыздықталуы қиын алапат өрт қатарына жататынын хабарлаған еді. Маңғыстау облысындағы ұйтқымалы жел де өртті сөндіруге кедергі болған.

Қаламқас кен орнындағы ұңғымалардың бірінде өрт 25 наурызда сағат 04.40 шамасында шыққан еді. Өрттен зардап шеккендер жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жалынды сөндіру мен төтенше оқиғаны жою жөнінде барлық қажет шараны қолға алуды тапсырды.

ДереккөзTengrinews.kz