Қаламқас кен орнындағы өртті ауыздықтау мүмкін болмай тұр

Маңғыстау облысындағы Қаламқас мұнай кен орнында тұтанған өртті ауыздықтау мүмкін болмай тұр.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде өртті сөндіруге Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті, «Семсер — Өрт сөндіруші» ЖШС және «Файр протекшн ЛТД» ЖШС-нің 53 қызметкері және 12 техникасы жұмылдырылған.

Бірнеше рет лафеттік ұңғылардың көмегімен өртті ауыздықтауға әрекет жасалды. Бірақ өрттің ошағына тікелей кіретін жолдар болмағандықтан жалынды ауыздықтау әзірге мүмкін болмай отыр, — делінген хабарламада.

Қаламқас мұнай кен орнындағы ұңғымалардың бірінде өрт 25 наурыз күні сағат 04.40-та шыққан. Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті кезекші-диспетчерлік қызметіне Маңғыстау ауданындағы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ ұңғымасынан шыққан газ жанып, 10 метр биіктікке дейін жалын атқылап тұрғаны туралы хабарлама түскен. Өрттің ауданы — 900 шаршы метр.

Оның алдында, 13 наурызда Қаламқас кен орнында «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС-нің жобалық тереңдігі 903 метр болатын №8237 ұңғымасын бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылап, төтенше жағдай болған еді. Бұл дерек бойынша Энергетика министрлігі Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекцияның батыс өңіраралық басқармасы мен Маңғыстау облыстық экология департаменті «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ға қатысты тексеру тағайындады.

ДереккөзInform.kz