Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан атауы туралы шешімді халыққа дұрыс түсіндіруді тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы шешімді халыққа одан әрі түсіндіруді тапсырды. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы ол бүгін әкімдердің қатысуымен өткен кеңесте айтты.

Қазір — өте жауапты кезең. Елбасының дана шешімінің арқасында билік сабақтастығы ешбір дүрбелеңсіз жүзеге асты. Бұл — еліміздің баянды болашағы, қоғамның тұрақтылығы мен ұдайы дамуы үшін жасалған бірегей қадам. Біздің стратегиялық мақсатымыз белгілі, міндеттеріміз айқын. Оны еш өзгеріссіз жүзеге асырамыз. Сөз басында бір мәселеге тоқталып өткім келеді. Ел тарихындағы Елбасының өлшеусіз еңбегін ұлықтау — бәрімізге ортақ парыз. Бұл — әділеттілік. Біз елордамыздың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерттік. Бұл — өте дұрыс шешім. Тарихи оқиға. Мұндай мәселеге немқұрайлы қарап, асығыс және ойланбай әрекет жасауға болмайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Нұр-Сұлтан әкіміне қала атауының өзгеруіне байланысты барлық мүдделі ведомствоның жұмысын реттеуді тапсырды.

Ақпарат министріне бұл шешімді түсіндіре беруді тапсырамын. Ішкі істер министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі астана атауының өзгеруіне байланысты бұрын берілген визалар мен рұқсат беру құжаттары бойынша ешқандай кедергілер мен қағазбастылық әрекеттерін болдырмауы керек. Шекарадағы негізгі, соның ішінде әуежайлардағы, вокзалдардағы, теміржол станцияларындағы өткізу пункттеріне ерекше мән беру керек. Президент Әкімшілігіне осы жұмыстың орындалуын қадағалауды қамтамасыз етуді тапсырамын, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан атауының енгізілуіне байланысты мәселелердің бәрі халыққа қолайсыз болмайтын, табиғи жолмен іске асырылатынын түсіндіруді де тапсырды.