«Басынан баста» (Second Act)
Тұрақты жұмысынан шығып кеткен адам ең бірінші нені ойлайды? Әлбетте, «Бәрін басынан бастаймын» деп мақсат етеді. АҚШ режиссеры Питер Сигалдың «Басынан баста» фильміндегі Майяға күтпеген жерден үлкен компаниядан жұмыс бұйырады, бірақ ол арманы орындалатынына, жетістікке жететініне сенуден қалған. Сонда да оңтайлы сәтті қалт жібермеуге әрі өмірін жаңадан бастауға бел буады. Бірнәрсені қайта бастау оңай көрінгенімен біраз тер төгуге тура келеді. Майя армандауды ғана емес, соған сай еңбектенуді де біледі. Карьераңызды жаңадан бастауға ниеттенсеңіз, сізге «Басынан баста» фильмін қараған абзал.
«Қайырлы таң!» (Morning Glory)
Жалақысы аз болса да, тез арада жұмысқа орналасу қажет болды делік. Жаңа жұмыс іздерден бұрын Роджер Мичеллдің «Қайырлы таң» фильмін көруге болады. Фильмдегі бас кейіпкер Беккидің күш-жігері, ойындағысын жүзеге асырмай тыншымайтын мінезі сізді шабыттандырмай қоймайды. Ол телеарнадағы жұмысынан шығып қалып, рейтингі төмен бағдарламаға продюсер болады. Бекки өзіне үлкен жауапкершілік жүктелгенін ойлап, бірнеше тәуекелге барады. Оның үстіне, бұл кезде жеке өмірінде де кикілжің. Көбіне карьерамен қатар қара басының проблемаларын да шешуге тура келеді.
«Нарық заңы» (La Loi du marché)
Айналысатын іс таппай, біраз уақыт үйде жатып қалған кезде жұмысқа тұру туралы ойыңыздан айнуыңыз әбден мүмкін, бірақ тағдырдың сізге қатысты өз жоспары болады. Ол кейде күтпеген жерден тосын сый дайындайды. Жақсы нәрсеге қол жеткізу үшін бірнәрсені құрбан етуге тура келсе, қандай шешімге барасыз? Стефан Бризенің «Нарық заңы» фильміндегі Тьерри 20 жылдай үйде жұмыссыз отырған. Оған нарықта репутациясы өте жоғары компания басшылығы жұмыс ұсынады. Біраз уақыт өткеннен кейін Тьерридің басшысы оның жаңа ортаға үйреніскенін, өз ісіне адалдығын байқап, қосымша іске шақырады. Бұл фильм қабілетіңізге сеніміңізді арттырып, өмірдің бар сынағына дайын болуды үйретеді.
«Стажер» (The Intern)
«Жаңа жұмысқа барғым келмейді. Онда мені қалай қабылдайды? Басқа ортаға сіңісіп кете аламын ба?» Бұл — әр жұмыс іздеушінің өзіне қояр сұрағы. Кейде пессимист болып, ештеңе істемей жата берсек деп ойлайтынымыз да жасырын емес. Мұндай сәтте қалай жігерленеміз? Нэнси Мейерстің «Стажер» фильміндегі Бен Уитакер 70 жаста. Зейнетке шыққанына да біраз болған, бірақ үйде қол қусырып отырғысы келмейді. Жас кезіндегідей жұмыс істеп, қоғамнан қалыс қалмауды ойлайды. Бен жұмысты жалақы үшін емес, ерекше көңіл-күймен, қызығып істеу адамның өзіне пайдалы екенін дәлелдейді де.
«Салам, Нью-Йорк»
Арманыңыз шетелде карьера жасау ма? Ол үшін арнайы жоспарыңыз да бар шығар? Бірақ басқа елде сізді жаңа жұмыспен құшақ жая қарсы алатын ешкім жоқ екенін ескеріңіз. Қырғыз режиссеры Руслан Акунның «Салам, Нью-Йорк» фильміндегі Батыр алыстағы ағасына сеніп, АҚШ-қа ойланбастан жол жүріп кетеді. Арманы — магистр атанып, мықты адвокат болу, алайда оны алып қала жылы шыраймен қарсы алмайды. Сөмкесі жоғалған, оқуға құжат тапсыра алмаған жас жігіт күн көру үшін бірнеше жұмысқа тұрады. Оның жұмысқа барған сәті — бөлек-бөлек оқиға. Фильм сізді бірнәрсені қайта бастап көруге жігерлендірмей қоймайды.
«Әрқашан «Иә» де» (Yes Man)
Жұмысты жаңа қарқынмен істеуге құлқыңыз болмай ма? Достарыңыз сізді үйден шығара алмай әбігерлене ме? Ештеңеге зауқыңыз болмаса, сізге Пейтон Ридтің «Әрқашан «Иә» де» фильмін бір көріп алу керек. Себебі ондағы бас кейіпкер Карл үнемі айтатын «Жоқ» сөзін «Иә» дегенмен алмастыра отырып, өмірін түбегейлі өзгерткен. Оның мұндай қадамға баруына досы себепкер болады. Нендей сұраққа болса да, «Жоқ» деп жауап беретін ол енді кез келген ұсынысты қуана қабылдайды. Осының арқасында оның мінезі мен айналасына қарым-қатынасы біраз өзгереді.
«1+1» (Intouchables)
Өмірде тілегенің іздемей-ақ табылатын кездер болады. Жұмыс та дәл солай, ойламаған жерден өзіңе ұнайтын саланың маманы болып кетуің ғажап емес. Оливье Накаш пен Эрик Толеданоның «1+1» фильмінің бас кейіпкері Дрисс — жұмыссыз. Ол жұмыссыздарға берілетін жәрдемақыны алу үшін құжат дайындап жүреді. Өзіне күтуші іздеп жүрген аристократ Филипп жұмыссыз Дрисстің ерек болмысына қызығып, қызметке шақырады. Жұмыс істеу түсіне де кірмеген Дрисс ақшасы көп азаматтың ұсынысынан бас тартпайды. Ол жалақысы жоғары жұмыс қана емес, өзіне тамаша дос та табады.
«Әзәзіл Prada киеді» (The Devil Wears Prada)
Сән индустриясындағы дүниежүзіне танымал басылымның редакциясына екінің бірі жұмысқа тұра бермейді, әсіресе оның басшысы аса талғампаз, кірпияз әрі кісіні жақтыра бермейтін менмен болса. Ол биік талғам адамға туа бітетініне кәміл сенеді. Талғампаздықпен бірге сән әлемінің трендтерінен үнемі хабардар болу да — мұндай басылым қызметкерлеріне қойылатын негізгі талап. Дэвид Френкельдің «Әзәзіл Prada киеді» фильміндегі Андреа журналист болып жұмыс істегісі келеді, бірақ еңбек нарығынан Runway журналы басшысының ассистенті вакансиясын ғана табады. Жұмыс беруші оның талапқа мүлдем сай келмейтінін біледі, бірақ күтпеген жерден қызметке қабылдайды. Андреаға адам төзгісіз талапшыл да, аяусыз ортада қолынан іс келетінін дәлелдеуге тура келеді.
«Ештеңеге қарамастан» (Mein Blind Date mit dem Leben)
Неміс режиссеры Марк Ротемундтың «Ештеңеге қарамастан» фильмінің бас кейіпкері Саллидің көзі тек 5% көреді. Ол дүниежүзінің ірі қонақүйлерінің бірінде жұмыс істегісі келеді, бірақ резюме жіберген жерінің бәрі көзі нашар көретін адамды жұмысқа қабылдамайтынын айтып, бас тартады. Сол кезде Салли резюмеден кемшілігі туралы мәліметті алып тастайды, көзі көретін қызметкер сияқты жұмыс істеуді үйренеді. Ақыры қонақүйден стажировкадан өтуге мүмкіндік алады, өзінің кінәратын жұмыс берушіге білдірмеуге көмектесетін сенімді достар табады. Фильм денсаулығына байланысты тұрақты жұмыс таба алмайтын азаматтар проблемасына көрермен назарын аударады.
«Бақыт жолында» (The Pursuit of Happyness)
Жұмыстан шығып қалған адамды шабыттандыратын фильм дегенде оқырманымыздың көбі бірден Габриеле Муччиноның «Бақыт жолында» картинасын еске түсірген болар. Бұл — кедей адамның табысты болуға ұмтылысы туралы культке айналған фильм. Бас кейіпкер Криске тұрақты жұмыспен бірге баспана да керек. Қасына кішкентай ұлын ертіп, әр жерге бір түнеп жүріп, ол үлкен компанияға орналасу үшін жанталасып, сынақтан өтеді. Жұмыссыз, табыссыз адам қиындықты сабырмен бастан өткеріп, ары қарай талпына білуі керек. Әркез жеткізбестей көрінетін сол бір мақсат, сол бір арман адам мойымай, алғанынан қайтпаған кезде ғана уысқа түседі.