Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірлескен жұмысын жоғары бағалай келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен де осындай жемісті қарым-қатынас қалыптасатынын асыға күтетінін айтқан.

Мен Сізді еліңіздің Президенті лауазымына кірісуіңізбен құттықтағым келеді, сонымен бірге Наурыз мейрамында Сізге, отбасыңыз бен Қазақстан халқына қуаныш пен өсіп-өркендеу тілеймін. Осы күндері көптеген америкалық пен әлем халықтары да осы тамаша жаңару мейрамын атап өтіп жатыр. Біз елдеріміз арасындағы қатынастарда үлкен табыстарға қол жеткіздік және мен олардың дамуы жалғасатынына қуаныштымын. Америка халқы мен бизнесінің Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа бағыт іздеуді жалғастырып жатқанын да ерекше жігерлене бақылап отырамын. Наурыз құтты болсын! — делінген Дональд Трамптың жеделхатында.

Бельгия Королі Филипп Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті лауазымына кірісуімен құттықтап, жоғары мемлекеттік қызметте үлкен табыстарға жетуіне шын жүректен тілектестік білдіреді.

АҚШ Мемлекеттік департаменті ресми өкілінің орынбасары Роберт Палладино өзінің мәлімдемесінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ пен Қазақстан арасындағы берік те серпінді қатынастарының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін жоғары бағалайды.

Қазақстан үшін осындай тарихи күнде біз заманауи, егемен және өсіп-өркендеген Қазақстанның негізін қалаушы ретіндегі еңбегі зор деп санаймыз және оның үлгілі өңірлік және жаһандық ауқымда көрсеткен жауапкершілікті басшылығын мойындаймыз. Біз сонымен қатар оның ядроны таратпау саласындағы айтарлықтай еңбегіне, денуклеаризация жөніндегі жаһандық күш-жігер жұмсаудағы көшбасшылығына, билікті бейбіт жолмен берудегі үлгілі іс-әрекетіне және Қазақстандағы, сол сияқты тұтас өңірдегі бейбітшілік пен өсіп-өркендеуді қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесіне таңғала отырып ризашылығымызды білдіреміз. Біз Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтаймыз және екі мемлекет арасындағы кең көлемді стратегиялық әріптестікті тереңдету бойынша бірлескен жұмыс жалғасады деп үміттенеміз. Экономикалық даму, сауда-саттық пен инвестициялар, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ұзақмерзімді өзара мүдделеріміз жалғасады деп сенеміз, — делінген мәлімдемеде.

Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан мен Германияны әріптестік қатынастар байланыстыратынын, екіжақты ынтымақтастық көпқырлы және серпінді байланыстардың берік іргетасына негізделгенін атап көрсетеді. ГФР Президенті Қазақстанның өңірде айтарлықтай және жауапкершілікті роль атқара беретініне және Германияның серіктесі бола беретініне сенім білдірді.

Италия Республикасының Президенті Серджо Маттарелла Италия халқының және жеке өзінің атынан Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына тағайындалуымен құттықтап, Қазақстан үшін маңызды осы тарихи кезеңде жоғары мандатын табысты орындауды тіледі.

Сіздің мандатыңыз барысында Қазақстан мен Италия арасындағы қатынастар екіжақты форматта да, сонымен бірге Еуроодақпен қатынастар аясында да кең әрі көпқырлы негізде нығая береді деп үміттенемін, — делінген Cерджо Маттарелланың құттықтау хатында.

Венгрия Президенті Янош Адер өзінің жеделхатында мажар мен қазақ халықтары арасындағы ізгі достықты сақтау мен нығайту бірінші кезектегі маңызға ие екенін және екі ел арасындағы жақын қатынастар мен өзара құрметке құрылған ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға дайын екенін айтқан.

Украина Президенті Петр Порошенко Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсібилігі мен өмірлік тәжірибесі Қазақстанның әрі қарай дамуына, мемлекет ретінде іргесі беки түсуіне және халықаралық аренадағы беделін бекемдеуге ықпал ететінін жазған.

Ортақ күш-жігер нәтижесінде қол жеткізілген достық пен өзара құрмет біздің елдерімізді әрі қарай да өзара тиімді ынтымақтастыққа жетелеп, екіжақты және халықаралық міндеттемелерімізді нақты орындауға алғышарт жасайтынына сенемін, — деген Петр Порошенко жеделхатында.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қасым-Жомарт Тоқаев туралы «БҰҰ жүйесінде үлкен құрметке ие адамның осындай лауазымға тағайындалғаны тек ризашылық сезімін тудыратынын» ерекше атаған.

Сізбен тығыз ынтымақтастықты асыға күтемін. Өзара түсіністігіміз Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып тұрған кезіңізде құрылуына өзіңіз атсалысқан БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Өңірлік орталығы қызметі аясында да жалғасатынына еш күмән келтірмеймін. Қазақстан өз халқы мен Орталық Азия халықтарының өсіп-өркендеуі үшін де Орнықты даму мақсаттарының белсенді жақтаушысы ролін сақтап қалады деп үміттенемін, — делінген Антониу Гуттериштің құттықтау хатында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Президентінің лауазымына кірісуіне орай құттықтау хаттары мен жеделхаттарды Польша Республикасының бұрынғы президенті Александр Квасьневский, ҰҚШҰ Бас хатшысының міндетін атқарушы Валерий Семериков, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Юрий Федотов, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо, Халықаралық энергетика хартиясының Бас хатшысы Урбан Руснак, Хорватияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Будимир Лончар, Румыния Парламенті депутаттары палатасы төрағасының орынбасары Флорин Иордаке, Бүкіләлемдік өнер және ғылым академиясының құрметті президенті Иво Шпаус, Женева Дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің президенті Колум Мерфи, БҰҰ Орталық Азия бойынша Босқындар істері жөніндегі агенттігінің өңірлік өкілдігінің бұрынғы өңірлік үйлестірушісі Сабер Азам да жолдады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!