Асқар Мамин түркітілдес елдер қандай салаларда ынтымақтасуы керек екенін айтты

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (ТМЫК) бас хатшысы Бағдат Әміреевпен кездесті.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында түркітілдес мемлекеттердің экономика саласындағы өзара іс-қимыл, инвестициялық ынтымақтастық, көлік және логистиканы дамыту, бірлескен кәсіпорындарды құру әлеуеті, ТМЫК-ға мүше мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ынтымақтастықтың түркі ұйымдарының құрылымдық реформалары, түркі интеграциясының қорын және ТМЫК бірлескен инвестициялық қорын құру бойынша ұсынған бастамаларын іске асыруға ерекше көңіл бөлінді.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің аясында түркітілдес мемлекеттердің өзара іс-қимылының экономикалық күн тәртібін қалыптастыру бойынша жұмысты жандандыру керек, — деп Асқар Мамин.

Ол машина жасау, туризм, агросектор, жеңіл өнеркәсіп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту салаларындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті.

Бағдат Әміреев биыл наурызда Астанада өткен ТМЫК кеден қызметтері басшыларының отырысы туралы ақпарат берді. Отырыста кеңестің кеден қызметтерінің өзара іс-қимылы, олардың арасында Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру және сақтау мәселелері қаралған.