«Нұр Отан» партиясының жаңа бағдарламасы: қоғам мүшелері қандай пікірде?

Қоғам мүшелері «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен міндеттер мен тапсырмаларға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің профессоры Әміржан Әлпейісовтің айтуынша, «Нұр Отан» партиясының жаңа бағдарламасының мақсаты барлық қазақстандықтың мүддесіне бағытталған. Сол себепті әлеуметтік сипатқа ие.

Әміржан Әлпейісов
Әміржан Әлпейісов. Фото: Аstana.gov.kz

Жаңа бағдарлама партияның елді жан-жақты жаңғыртуын қамтамасыз етеді. Бұл басымдықтар партияның таяудағы жылдарға арналған бағдарламасында көрсетілген. Дамудың негізгі қағидаттары: ұлттық бірлік, экономикалық өсу және гүлденген мемлекет. Мемлекет басшысы Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде дамуы басты басым бағыттардың бірі болатынын атап өтті. Көмек аса мұқтаж қазақстандықтарға көрсетіліп, атаулы сипатқа ие болады, — деді Әміржан Әлпейісов.

«Астананың аутизммен ауыратын балалары бар ата-аналар бірлестігі» қоғамдық ұйымының басшысы Салтанат Есмағамбетованың айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары ел тұрғындарының әл-ауқатын арттырады.

Салтанат Есмағамбетова
Салтанат Есмағамбетова. Фото: Аstana.gov.kz

«Нұр Отан» партиясының бүгінгі съезі еліміздің әлеуметтік саясатына жаңа серпін берді. Президент жаңа Үкімет мүшелеріне нақты әрі жауапты міндеттер жүктеп отыр. Бұл бастамалардың партия съезінде көтерілуі кездейсоқ емес, өйткені «Нұр Отан» партиясы халықтың партиясы екенін дәлелдеді. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға, оларға әлеуметтік қолдау білдіруді нығайтуға бағытталған шараларды Үкімет қысқа мерзімде сапалы орындауы қажет. Бұл міндеттердің орындалуына қомақты қаржы бөлу тапсырылды. Міне, осы қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуы үшін  партия мен қоғам тарапынан бақылау болуы тиіс. Сонда ғана Елбасының әлеуметтік бастамаларын аяғына дейін сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік болады. Кірісі аз отбасылар арасында 111 мың ғана отбасы атаулы көмек алады. Көпбалалы отбасылардағы әрбір балаға берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Бұл көптің көкейінде жүрген маңызы мәселе еді. Бұған дейін мұғалімдердің жалақасын өсірді, өздерінің кәсібилігін дәлелдегендерге еңбекақы 50%-ға, жалпы 30%-ға өсті. Енді Президент  1 шілдеден бастап барлық бюджет саласындағы жалақысы ең аз адамдардың еңбекақысын 30%-ға, мүгедек бала асырап отырған ата-аналар мен отбасыларға берілетін жәрдемақыны 30%-ға өсіруді  тапсырды. Бұл миллиондаған азаматтың әл-ауқатына оң ықпал етеді деп білемін, — дейді Салтанат Есмағамбетова.

«Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Баян Ахметжанова да партияның жаңа бағдарламасы мен қазақстандықтарды әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі шараларға қатысты пікірін айтты.

Баян Ахметжанова
Баян Ахметжанова. Фото: Аstana.gov.kz

«Нұр Отан» партиясының съезінде қазақстандықтарды алаңдататын әлеуметтік қолдау саясатының қалай өрбитініне жауап айтылды. Елде қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар күшейтіледі. Осы жылы әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің барлық шығысының 45%-дан астамы бағытталады.   Мемлекет басшысы табысы аз адамдарға және көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Бұл ретте әлеуметтік көмек тағайындаудың барлық рәсімдері жеңілдетілуі тиіс. Мемлекеттің басты міндеті — адамдарға жұмыс беру. Партия алдағы 10 жылға нақты мақсаттар қойды, мықты мемлекет болып қалыптасуға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуға тиіспіз, — деді Баян Ахметжанова.