Нұрсұлтан Назарбаев Наталья Годуноваға тапсырма берді

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова Мемлекет басшысына комитеттің 2018 жылы атқарған жұмыс қорытындысы туралы баяндады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Есеп комитеті тарапынан бюджет қаражатына үнемі бақылау жүргізіліп, оның тиімді игерілуіне мұқият талдау жасау қажет екенін айтты.

Есеп комитетінің негізгі міндеті — мемлекеттік бюджеттің тиімді жұмсалуын қадағалау. Бақылау ісінен аудитке көшуге байланысты алдарыңызда жаңа міндеттер тұр, — деді Президент.

Есеп комитетінің төрайымы республикалық бюджеттің тиімді жұмсалуына аудит жүргізу барысы және осы саладағы әлемдік тәжірибені зерттеу нәтижелері жөнінде мәлімдеді.

Біз тиімділік аудитіне көшу жұмысын жалғастыра береміз. Былтыр жалпы сомасы 430 миллиард теңге көлемінде тәртіпбұзушылық жасалғаны анықталды. Егер бухгалтерлік есепсіз нақты қаржылық тәртіпбұзушылықты есептесек, оның мөлшері 16 миллиард теңге болып отыр. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 70 миллиард теңге болған еді. Осылайша қаржылық тәртіптің жақсара түскені байқалады, — деді Наталья Годунова.

Есеп комитетінің төрайымы мемлекеттік және салалық бағдарламалар бюджетінің тиімділігіне жүргізілген бағалау нәтижелері жөнінде мәлімет берді. Сонымен бірге жалпы экономикалық және қаржылық жоспарлау сапасын арттыру үшін Үкіметпен бірлесіп қабылдаған шаралар туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев Есеп комитетіне «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айтылған әлеуметтік бағдарламалар мен бастамалардың жүзеге асырылуына тиісті бақылау жасауды тапсырды.