Алматы облысы
Фото: Zhetysu.gov.kz

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды және көпбалалы аналарды қабылдады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімнің қабылдауына 30-дан аса азамат кірді. Олар бірнеше әлеуметтік мәселелерді көтерді. Солардың ішінде бірқатарының мәселесі сол мезетте шешілді. Мысалы, сегіз баланың анасы Айнагүл Тоқпанбетова Ілияс Жансүгіров атындағы ЖМУ-да ақылы бөлімде оқитын баласын «Тегін оқытуға ауыстыруға бола ма?» деген сауал қойды.

Республикада алғашқылардың бірі болып көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында Әлеуметтік карта дайындап жатырмыз. Соның шеңберінде осындай отбасыларының балаларына арнап жоғарғы оқу орындарында тегін оқумен қамту үшін қосымша 100 грант бөліп отырмыз. Сіздің балаңыз сол 100 грант иелерінің тізіміне кірген алғашқылардың бірі болады, — деді Амандық Баталов.

Көпбалалы ана Әлия Тазабекова бір баласының жүрек ақауымен дүниеге келгенін айтты. Баланы әр жарты жыл сайын Алматыға апарып, ақылы түрде толық тексеруден өткізіп тұрады. Бұл олардың материалдық жағдайына елеулі әсер етіп отыр. Осыған байланысты Амандық Баталов облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқаққа балаға сапалы медициналық көмек көрсетуді тапсырды.

Әкімнің қабылдауына келген аналардың көтерген мәселелердің басым бөлігі денсаулық сақтау саласына байланысты болды. Соның ішінде емге квота алу, кепілдік берілген тегін дәрі-дәрмекпен дер кезінде қамтамасыз ету, мүгедек балаларды оңалту орталықтарына жіберу, ВТЭК-тен өтудегі туындайтын мәселелерді көтерді.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жергілікті жерлердегі бөлімдерінің жұмысына бірқатар сын айтылды. Сала қызметкерлері халыққа қызмет көрсету барысында дөрекілік көрсететіні, мүгедектерге берілетін қажетті техникалық қозғалыс құралдарын және гигиеналық құралдардың кешігіп берілетіні сөз болды.

Амандық Баталов облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшыларына айтылған әрбір мәселені жеке зерделеп, тиісті шешімдер қабылдауды тапсырды.

Осы кездесуде Шайқорған, Мерекелік, Үйтас саяжайларының тұрғындары да мәселелерін жеткізді. Жол жөндеу, жылы аялдамалар, камералар қою, арық жүйесін жасау, сол сияқты Шайқорған бау-бақша қоғамының құжаттарын жасауға, Үйтас саяжайының суармалы су жүретін жүйесін жөндеуге көмек сұрады.

Облыс әкімі жақында саяжайлар мен шеткі аудандарды аралап, бұрынғы берілген тапсырмаларының орындалу барысын көрді. Сол аралау кезінде абаттандыру, инфрақұрылымдарды дамыту бойынша берген тапсырмалары хаттамаға түсірілген, қабылданатын шаралардан халық хабардар болу үшін хаттама облыстық БАҚ-та жарияланатын болады. Әкім шеткі аймақтардың мәселесі тұрақты бақылауға алынып, бірқатары биыл шешімін табатынын айтты.

Амандық Баталов кездесу барысында бірнеше мәрте көтерілген тұрғын үй мәселесіне қатысты да түсінік берді.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үй тек кезектегілерге және қатаң түрде кезек ретімен берілетінін тағы да естеріңізге саламын. Халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын баспанамен қамту көлемін ұлғайту үшін салынатын тұрғын үйлер құрылысын көбейтеміз. Бұл ретте бізге «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы үлкен мүмкіндіктер береді. Біз көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында Әлеуметтік карта әзірлеп жатырмыз. Аталған санаттағы отбасыларын қолдау үшін үш миллиард теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінеді. Әлеуметтік карта шеңберінде облыс орталығында көпбалалы отбасылар үшін көпқабатты екі үйдің жобасы әзірленіп жатыр. Сол сияқты коттедж қалашығынан да үй бөлу мүмкіндіктері қарастырылады. Осы санаттан «7-20-25» бағдарламасына қатысатындарға 1 миллион теңгеден тұрғын үй сертификаты беріледі. Бөлінетін соманың жалпы көлемі 300 миллион теңге болады, — деді Алматы облысының әкімі.

Ол табиғи газға жеңілдікпен қосу, 16 мың жеке тұрғын үйге улы газ датчиктерін қайтарымсыз орнату қарастырылатынын да айтты.

Алматы облысында жыл сайын аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының балаларына жоғары оқу орындарына оқуға қосымша 100 грант бөлінеді. Аз қамтылған отбасыларының балалары мектепте ыстық тамақпен 100% қамтылады. Көп балалы аналар үшін қалалық қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Оған қоса халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына жататын отбасыларынан шыққан 31 мың баланың балабақшаларда тамағын субсидиялау ойластырылды. Оған бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінеді. Сол сияқты аудан орталықтары мен қалаларда «Бір терезе» принципімен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына қызмет көрсететін орталықтар ашылады.

Облыс әкімі Амандық Баталов азаматтарды қабылдау барысында айтылған мәселелерден Әлеуметтік картаға толықтырулар енгізу қажеттігін айтты:

Сіздердің көтерген мәселелеріңізді тыңдай келе, Әлеуметтік картаға тағы да екі тармақ қосамыз деп ойлап отырмын. Көрсетілетін барлық ақылы медициналық қызметтердің, соның ішінде жеке клиникалардағы да қызметтер көп балалы аналар мен олардың балаларына мемлекеттік тапсырыс негізінде тегін көрсетілу шараларын қарастыруға тиіспіз. Оларды дәрі-дәрмекпен қамту жайын да ойластырумыз керек.

Кездесу соңында облыс әкімі тұрғын үй мәселелерімен жыл басында алғаш болып жүгінген бір топ ананы қабылдап, мәселелерінің кезең-кезеңімен шешілу барысын түсіндіріп, орынбасары Ақан Абдуалиев пен Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаевқа істі жіті бақылауға алу туралы нақты тапсырмалар берді.