«Шексіздікті таныған жан»
Биография, драма жанрындағы фильмді 2015 жылы Ұлыбритания шығарған. Басты рольдерде Джереми Айронс, Дев Патель ойнайды.
Үнді баласы Сриниваса Рамануджан Айенгор 14 жасында синус пен косунис туралы теорияны ашады. Бірақ оның бұрын жарияланып қойғанын естігенде қатты қапаланады. Рамануджан мектеп оқушысы болса да, үлкен жаңалықтардың авторы еді. Алайда арнайы математикалық білімі болмағандықтан оны әлемге жариялай алмайды. Бірде ер жеткен Рамануджанның жолы болады. Кембридж профессоры Годфри Хардиге жазған хаты назарға ілігіп, университетке шақырылады. Жас математикке отанын, отбасын тастап, Англияға бару оңайға соқпады. Түрлі қиындыққа кезігіп, Кембридж профессорларының қысымына түседі.
Рамануджан ашқан жаңалықтар қазіргі уақытта әлем ғалымдарына «Қара құрдымды» зерттеуге көмектесіп жатыр. Бір қызығы, формулалар Рамануджанның түсіне кіретін, құлшылық жасап жатқан кезде де ойына келетін.
«Имитациялық ойын»
Фильмді 2014 жылы Ұлыбритания мен АҚШ түсірген. Биография, әскери, драма жанрындағы фильмнің басты рольдерінде Бенедикт Камбербэтч, Кира Найтли, Мэттью Гуд, Марк Стронг ойнайды.
Ағылшын математигі, криптограф Алан Тюринг немістің шифрланған «Энигма» машинасының құпиясын ашып, «Кристофер» атты құрылғы жасап шығады. Ресми дерек бойынша «Кристофер» екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын екі жылға жеделдеткен, шамамен 14 миллион адамның өмірін сақтаған. Бұл ақпарат 50 жыл бойы құпия сақталып келді. Себебі соғыс аяқталғаннан кейін де «Кристофер» саяси мақсатта қолданылған.
Алан Тюринг соғыстан кейін гемосексуал болғаны үшін айыпталады. 41 жасында суицид жасап, дүниеден өтеді. Фильм — 2014 жылғы Торонто кинофестивалінің негізгі сыйлығының иегері. Голливудтың өндіріске жіберілмеген 2011 жылғы үздік сценарийлерінің «Қара тізіміне» енген.
«Таңғажайып сана»
Фильмді 2001 жылы АҚШ шығарған. Басты рольдерді Рассел Кроу, Дженнифер Коннели, Эд Харрис сомдайды.
Фильм Нобель сыйлығының иегері Джон Форбс кіші Нэштің биографиясына негізделіп түсірілген. Оскар сыйлығын (үздік фильм, адаптацияланған сценарий, режиссура, екінші пландағы актриса — Дженнифер Коннелли) төрт мәрте иеленген, «Алтын глобус» және тағы басқа сыйлықтарды алған.
Оқиға гений Джон Нэштің жас кезінен басталады. Сол кезде Джонда параноид шизофрения, галлюцинация дами бастаған еді. Бірақ ол осы қиындығына қарамастан көздеген мақсатына жетеді, достарымен, отбасымен қарым-қатынасына селкеу түсірмейді.
«Сноуден»
Байопик, триллерді АҚШ, Франция, Германия 2016 жылы шығарған. Басты рольдерде Джозеф Гордон-Левитт, Шейлин Вудли, Мелисса Лео ойнайды.
Фильмде АҚШ Орталық тергеу басқармасының бұрынғы агенті, кәсіби программист Эдуард Сноуденнің оқиғасы баяндалады. Ол 2013 жылы Ұлттық Қауіпсіздік агентінің құпиясын «Гардиан» және «Вашингтон пост» басылымдарына беріп, кейіннен АҚШ-тан қашуға мәжбүр болған.
Файлда Американың арнайы қызметі көптеген мемлекет азаматтарының ақпараттық байланысын PRISM, X-Keyscore және Tempora желілерінің көмегімен аңдитыны туралы ақпарат болатын. Пентагонның жабық баяндамасына сәйкес, Сноуден 1,7 миллион құпия файлды ұрлап кеткен. Олардың көбі «Америка әскерінің, теңіз флоты, әуе күштерінің аса маңызды операцияларына» қатысты еді.
«Стивен Хокингтің әлемі»
Фильмді 2014 жылы Ұлыбритания шығарған. Басты рольдерді Эдди Редмэйн, Фэлисити Джонс, Эмили Уотсон сомдайды.
Ғылымға елеулі үлес қосқан физик-теоретик Стивен Хокингті әлем жұртшылығы таниды. Бірақ оның жеке өмірі жайында біле бермейтіндер бар. Фильм физиктің бұрынғы әйелі Джейн Уайлдтың Travelling to Infinity: My life with Stephen атты мемуарына негізделіп түсірілген.
Кембриджде танысқан студенттер Стивен Хокинг пен Джейн Уайлд бірден тіл табысады. Олардың өмірге, ғылымға деген көзқарастары бір арнада тоғысады. Біраз уақыттан кейін Стивен аммиотрофиялық бүйір склерозына шалдыққанын біледі. Уақыт өте келе сал болып қалады. Ол кезде небәрі 21 жаста еді. Дегенмен Стивен жақындарының көмегімен ғылыммен айналысуын тоқтатпайды.
Фильм негізінен оң пікір (соның ішінде Guardian және The New York Post басылымдарынан) алған. Ролін үздік сомдаған Эдди Редмэйн сұхбатында осы фильмнен кейін бүкірейіп қалғанын айтады.