Алматыдағы Galaxy International School — Қазақстан бойынша Кембридж жүйесімен толыққанды оқытатын бірден-бір мектеп. Бұл мектептің ауласына кіргеннен-ақ шетелдік стандарттарды сезіне бастадық. Аулада ағылшын тілінде сөйлеп, ойнап жүрген оқушылар, әдеттегі тақтайшаларда жазылып тұратын қазақша сөздердің орнында ағылшынша атаулар.

 Galaxy International School
Galaxy International School. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бір мезетте күйдің сарынымен қоңырау үні естілді. Қазақстанда жүргенімізді қайтадан сезіндік.

Елдегі мектеп реформаларының қолға алынуы жеке меншік мектептердің көбеюімен қатар жүріп жатыр. «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін қазақстандық білім берудің барлық жүйесіне енгізуді көздеп отырғаны мәлім. Ал Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі әлемнің озық үлгідегі халықаралық мектептерінің тәжірибесінен жинақталған. Оның ішіндегі ең негізгісі – Кембридж оқыту жүйесі.

Cambridge Assessment International Education (Кембридж оқыту жүйесі) – 1209 жылы құрылған, 88 Нобель лауреаты оқыған ежелгі британ университетінің, Кембридждің бір департаменті. Ол — халықаралық сападағы білім беруді тарату және бағалау жүйесін ұсынатын ұйым. Бұл жүйені бүгінде 160 мемлекетте 10 000-нан аса мектеп қолданады.

Қазақстандағы осы мектептің басты ерекшелігі мен артықшылығын білу үшін Galaxy International School-дің академиялық директоры Ринат Маутинмен әңгімелестік.

Ринат Маутин. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Посткеңестік мектептердегі оқу стандартынан Кембридж оқу жүйесінің артықшылығы неде? Басты идеясы қандай?

— Посткеңестік мектептердегі ұстаным оқушыларға барынша көп білім беру болатын. «Көп білсін», «көп үйренсін» деген ұғыммен мол ақпаратты береді. Ал Кембридж бағдарламасында бала қабілетіне байланысты «Не жасай алады?», «Не үйрену керек?» деген ұстаныммен оқытады. Қабілеттер заман талабына сай ауысып отырады ғой. 21-ғасырда көп білу өте оңай. Google-ды аша салып, кез келген сала бойынша нақты ақпарат ала аласыз. Ал интернетті қалай қолдану керек екені, міне, ол – қабілет. Кембридждің басты идеясы сол – балаларға қабілет үйрету.

Кембридж жүйесінің тағы бір артықшылығы бірегей стандартында. Оқушы бір елден екінші елге көшіп барса, Кембридж мектебінде тапсырған емтихан қағазын көрсетіп, сол елдегі Кембридж мектебіне оп-оңай ауыса алады. Дүниежүзіндегі Кембридж мектептерінің оқыту бағдарламасы бір болғандықтан ары қарай оқуын еш қиындықсыз жалғастыра береді. Бұл — жаһандану заманының талабына сай нәрсе.

— Кембридж оқыту жүйесі — деген өте ауқымды ұғым. Ол тек бір бағдарламадан емес, бірнешеуінен тұрады. Сіздер таңдаған Cambridge Assessment-тің бастауы қайда жатыр?

— Кембридж бағдарламасының тарихы Британия оқу жүйесінен басталады. Британияда университетке түсу үшін ең бірінші А-level бағдарламасы, кейін орта мектепке арналған IGCSE бағдарламасы шыққан. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көптеген мемлекетте осы бағдарламадағы мектептер пайда бола бастады. Кембридж Университетінің Cambridge Assessment мекемесі аталған бағдарламаларды қолдап, бірегей оқулықтар шығарып, емтихан өткізуіне жағдай жасап, өз қолына алды. Британияның оқу бағдарламасын халықаралық деңгейге шығарды десек болады. Қазір дүниежүзіне тарап отырған стандартқа айналды. Біздің елімізде де мектеп реформасына сай жаңартылған оқу мазмұны енгізіліп жатыр. Оны ашып қарасаңыз, дәл Кембридж жүйесінің мазмұнын көресіз.

— Бағдарламаның мазмұнында қандай ерекшелік бар?

— Мұнда әр пән бойынша оқушыға және мұғалімге мақсат (objective) қойылады. Оқу жүйесінде спиральдік модель қолданылады. Мысалы, оқушы 1, 2, 3-сыныпта бірдей тақырып өтуі мүмкін. Бірақ ол жоғарылаған сайын тақырыпқа тереңдей үңілу дегенді білдіреді. Бағдарламадағы мақсаттар сол себепті бір-біріне ұқсайды. Оқушы бір жылдың ішінде сыныбына тиесілі мақсаттарға жетуі керек.

11-12-сыныптарда А-level бағдарламасында оқушылар жиі қиналып жатады. Өйткені ол — кәдімгі университетке түсуге арналған бағдарлама. Кейбір елдегі университеттерде, тіпті, 1-курс есебінде жүреді, яғни бізден А-level бітірген оқушылар кредиттерін университетке апарып, енгізуіне болады. Бастауыш сыныптан кейін, 8-12-сыныптардың аяғында оқушылар Кембриджден келетін арнайы емтихан жазады. Оны қайта Кембриджге жіберіп, нәтижесін, сертификаттарын сол жақтан аламыз.

Біздің мектепте сабақ 8:30-нан басталады, 8:15-тен оқушыларды тіркеуді бастаймыз. Әр тіркеу, оқушының үлгерімі, тапсырма, сабақ барысындағы комментарийлер онлайн жүйемізге енгізіледі. Ол ата-анаға бірден көрініп отырады. Оқушылар үй жұмысын мектепте орындайды, сабақтан кейін түрлі үйірмеге қатысады. Халықаралық мектеп болған соң біздегі орта да басқа. Сыныптағы бала саны аз, мұғаліммен достық қарым-қатынас орнаған, балалар бір-бірімен өзін салыстырмайды, тек мақсатына қарай жүреді.

— Кембридж жүйесі бойынша сабақ бере алатын мұғалімдерді қалай дайындадыңыздар?

— Кез келген мұғалім Кембридждің арнайы курстарын өткен соң сабақ бере алады. Кембридж жүйесінің бір артықшылығы осында. Платформаларында басқа да мұғалімдерге арналған онлайн ресурстары бар. Мұғалім білімін әрдайым жетілдіріп отырады. Халықаралық мектеп болғандықтан мұғалімнің ағылшын тілін білу деңгейі жоғары болу керек еді.

Өкінішке қарай, қазақстандық мұғалімдердің арасында ағылшын тілін жетік білетіндер өте аз. Сол себепті біз шетелден мұғалімдер тарттық. Бастауыш сыныптардағы шетелдік мұғалімдердің жанында бір қазақстандық ассистент бар, ал жоғары сыныптарда 60% шетелдік мұғалімдер жұмыс істейді.

Шетелдік мұғалімдердің оқыту тәсілдері де басқаша. Олар тек дидактикалық әдістемемен сабақ түсіндіріп, тақтаға жазып қана қоймай, әр оқушының ақпарат қабылдауына байланысты топқа бөліп оқытады. Өйткені әр оқушы — жеке тұлға. Ол принциптердің ұстануын бізде бастауыш сыныптардың директоры Джон Роуч мырза қадағалайды.

Аустралиялық Джон Роуч Қазақстанға дейін Индонезия, Корея, Қытай елдеріндегі Кембридж мектептерінде көп жыл жұмыс істеген. Ол Galaxy International School-да бастауыш сыныптарда Кембридж жүйесінің толықтай қолданылуын, мұғалімдердің сабақ беру тәсілін тексереді.

Джон Роуч. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Джон мырза, Кембридж оқыту жүйесінің басқа мемлекеттік оқу стандарттарынан қандай айырмашылығы бар?

— Халықаралық бакалавриатты, басқа да бірқатар оқыту бағдарламасын көрдім, мектеп басшысы болып жұмыс істедім. Бірақ ішіндегі ең ұнағаны — Кембридж оқыту жүйесі. Өйткені ол балаға калькулятор сияқты жай санауды емес, оны өмірде қалай және не үшін қолдану керегін үйретеді. Бұл жерде үлкен айырмашылық бар. Мұнда үйрену, оны қолдану процесі маңызды. Оқушылардың бәрі сол процеске қатысады. Олар өздері жаңалық ашып, жаңа нәрсе ойлап табуға құмар болады.

— Қазақстанда Кембридж жүйесімен оқыту кезінде қандай проблемаларға кезіктіңіз?

— Біріншіден, тіл мәселесі. Өйткені сабақ ағылшын тілінде өтетіндіктен оқушының барлығы дерлік ағылшын тілін жетік меңгермеген. Басты мақсатым — ағылшын тілін жоғары деңгейге көтеру. Алайда бұл мектепте 0-сыныптан бастап оқитын балалар ағылшын тілін өте тез үйреніп жатыр. Оларға ертең мектеп бағдарламасы жеңіл болады.

Galaxy International School-да жалпы білім беру бағдарламасында қазақ тілі, жоғары сыныптарда Қазақстан тарихы және таңдауға байланысты орыс тілі немесе түрік тілі пәндері бар. Бұлар да — қазақстандық оқушылар мен шетелдік оқушылар үшін маңызды әрі керек пәндер. Galaxy International School — болашақта шетелде тұру жоспарында бар қазақстандық отбасылар немесе басқа елден көшіп келіп жатқан шетелдік азаматтар үшін өте қолайлы білім ордасы.