Темірден түйін түйгендер

Тарихқа еуроцентристік көз­қараспен қарайтын базбіреулер "көшпелілер көшіп-қонып жүрген, оларда іргелі қалалар мен ірі өндіріс орындары болмаған" деген жаңсақ ұғым қалыптастыр­ған. Шынтуайтында, Елбасы­ның "Ұлы даланың жеті қыры" атты бағдарламалық мақала­сын­да ай­тылғандай, "біздің жеріміз - материалдық мәдениеттің көптеген дүниенің пайда болған орны" екені белгілі. 

Металлургия, темір, ұста
Иллюстрация: Wikiart.org

Түркілер арасында қара темірді қамырша илеп, болат балқытқан ұстаны киелі санау культі байырғы заманнан қалыптасқан. Әйгілі Рашид ад-диннен жеткен деректе байырғы бабаларымыз Ергенеқоннан шыға алмай тұйыққа тірелгенде Темірші ұстаның 70 өгіз терісінен үлкен көрік жасап, сол арқылы темір тау бөктеріне көмір жағып, тауды ерітіп, содан атақоныстарына жеткені баяндалады. Ғұндар дәуіріндегі сол алғашқы пассионарлық бастаудан кейін Ұлы даланы дүр сілкіндірген құдіретті әміршінің де Темірші (Тэмүжин) аталауы тегін емес. Сол сияқты тұтас Түркістанда ренессанс дәуірін бастаған Әмір Темірдің атын да осы құтты киенің сарқыты деуге болады. Сондықтан жаңа ғасырда дом­на пеште болат балқытып, құрыштай шыңдалған темірші Елбасының металл өндіруді түркілердің ата кәсібі ретін­де қарауы – дәстүр сабақтастығының жаңғыруы!

Алатаудағы Есіктен­, Алтайдағы Бе­рел­­­ден, Тар­бағатайдағы Елеке са­зы­нан Алтын адамдардың табылуы бағзы заманнан бері зергерлік өнері­нің озық дәстүрі байтақ далада кең таралғанын көрсетеді. Алғаш Ұлы далада құрықталып, қолға үйретілген жылқының әшекейлі ер-тұрман мен темір үзеңгі, арғымақтың ауыздығы, салт атты сайыпқыран жауынгердің сауыт-сайманы – ұсталық кәсіптің асыл өнімдері. Тау-тасымыздың қойнауында бабалардан қалған жартас суреттерінде ұзын болат найзаны ұмсына ұстап, қолындағы шашақты байрақты жоға­ры көтерген, астындағы атына да мұзд­ай темір кежім кидірген, ауыр қару­лан­ған түркі жауынгерінің бейнесі жиі кез­де­седі. Бұл – сонау ғасырлардан жет­кен түркі баһадүрінің қаһармандық тарихы­ның рәмізі, біздің эпостарда сөзбен суреттелген баршамызға таныс бейненің тастағы сұлбасы. Жырда “үзеңгісі үзбе алтын, құйысқаны құйма алтын, тебін­гісі терме алтын” деп бейнеленетін кейіп­керлер. Сондықтан болса керек, теміршіні, ұстаны, шеберді түрк билеу­шілері айрықша қадірлеген, оларға ерек­ше әлеуметтік мәртебе берген. Қоғам­да шеберлердің шоғыр тобы пайда болып, олар тіпті ата кәсібімен ғана шұғыл­данатындықтан, машығына қарай кейіннен руларға да айналып отырған. Мысалы, темір балқытушыларды болат­шы, көң илеушілерді көңші, биік ар­ба­лыларды телеулер, қаңқа арба жасау­шы­ларды қаңлылар деп атаған. Атал­мыш буындардың қазақ этногенезінің түзілі­сінде айрықша айшығы бар, олардың ұрпақтары қазір ортамызда жүр.

Ежелгі дастан “Оғызнамада” алғаш­қы арбаны жасаған өнертапқыштың аты-жөні сақталған. “Оғыз қағанның шеруінде үздік жақсы бір шебер бар еді. Оның аты Бармақлық Жосын Білік еді. Бұл шебер бір қаңқа (арба) тапты. Қаңқа үстіне жансыз олжаны тиеді, қаңқаның алдына тірі олжаны жегіп, тартып кете берді. Халықтың бәрі мұны көріп тездетіп тағы қаңқа шапты” деп жырланған.

Аңыз желісі қаңлының шығуын осыған апарып тірейді.  Әйгілі академиктер Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан зерттеулерінде Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстан аймақ­тары ежелгі дәуірлерде металлур­гия өндірудің ірі орталықтары болғандығын айтады. Әсіресе, Орталық Қазақстандағы “Қырық шұрық”, “Қалайы қазған”, “Мың шұңқыр”, “Бес шұрық”, “Жезқазған”, “Кенқазған”, “Ұста”, “Қара темір” және “Теміртау” секілді кен орындары алғаш рет қола дәуірінде пайда болып, кейбір кеніштерді игеру орта ғасырлар мен кейінгі кезеңдерге дейін жалғас­қан­дығы жөнінде деректер кездеседі. Қола дәуірінің тұрғындары осы өңірдегі кен орындарынан металдың қола, қалайы секілді түрлерін өңдеп, өздерінің кәделеріне жарата білді. Ұлы далада металды игеріп, адамзат тұрмысында пайдалану үрдісі сақ дәуірінде қарқынды дамыды. Мәселен, грек жазбаларында сақ, сармат, массагеттердің елінде мыс пен алтын қорының мол екендігі және олардың металл өндіруді жетік меңгергендігі айтылады. Ал Геродот пен Страбонның жазбаларында “Азиялық скифтерде алтынның молдығы сонша, олар басынан аяғына дейін алтын әшекейлермен апталған бай киімдер киеді және астындағы аттарының да ер-тұрмандары алтындалған”, дейді.

Бұл тарихи жазбаларды айғақтай­тын Қазақстан жерінен бір емес, бір­неше алтын адам қазіргі күні табы­лып, түрк өркениетінің салтанатын әлемге паш етті. Ә.Марғұлан Геродот айтқан мыс пен алтынға бай азиялық скифтер елі “бүгінгі Қазақстанның Орталық және Солтүстік-Шығыс аймақтары мен Алтай, Тарбағатай өңірлерімен сәйкес келеді”, дейді.

Металдың сан алуан түрі Алтай өлке­сінде сонау қола, сақ заманынан бері өндіріле бастаған. Белгілі архео­лог С.И.Руденко Алтай өңірінде зерт­теу жұмыстарын жүргізіп, аталмыш аймақ ежелден металлургияның ірі орталықтары екендігін, әрі алтын қоры­ның мол болғандығын айтады. Алтайдағы сақ дәуіріне тиесілі – Аржан, Берел, Шілікті қорғандарынан көптеген алтын бұйымдар табылып көзқуанышқа айналды. Елбасы өзінің мақаласында да Алтайға баса назар аударуының себебі, Алтай – сақ дәуірінен бері түгел түркке алтын бесік болуымен қатар, ірі металлургия орталығы екендігімен байланыс­ты болса керек.  “Көргенде көз, көңілдің Алтай емі, Алтай­дың кен аңқиды алған демі, жері­нен алтын күміс жентектелген” деп жыр­лаған Иса ақын бабалар рухының лебі­мен кенді Алтайдың қазыналы әлеуетін гео­ло­гиялық барлаушылардан да ерте түйсініп, сүйсіне суреттеген деуге болады.

Белгілі түрколог Н.Я.Бичурин: “Алтай тауы қытай жылнамаларында Цзинь-шань деп хатталған, мағынасы Алтын тау” (түрк-моңғолша “алтан” алтын дегенді білдіреді) – деп тұжы­рым­дайды. Сол себепті ежелден халық арасында: “Алтайдың сай-саласы түгел алтын”, деген ұғымның сақталуы да кездейсоқ болмаса керек-ті. Дәстүрлі металл өндіру ісі кейіннен ғұн, үйсін және қаңлы мемлекеттері тұсында да әскери және тұрмыстық маңызға ие болып, қола мен темірден қару-жарақ пен түрлі бұйымдар жасаға­ны белгілі. Металл өңдеу, оның ішінде темір, қорғасын, алтын қорыту істері Түрк қағандығы дәуірінде қарқынды дамыды. Байырғы түрктердегі металлургияға қатысты деректер түрктердің тарих сахнасына шығу кезеңімен тығыз байла­нысты. Ол туралы қытай жылнамаларында Алтай тауына қоныс аударған Ашина түрктері әуелде Жужан империясына саяси тәуелді болып, салық ретінде темір өндіріп отырғандығы айтылады. Тарихи құжаттарда Жужандардың билеушісі Анахуанның түрктерді “менің темір өндірушілерім” деп атауы теміршілік/ұсталық дәстүр түрктердің негізгі кәсіптерінің бірі болғандығын айғақтайды.

Л.Н.Гумилевтің “темір көшпелілер­ге бұрыннан белгілі болған, бірақ оны халықтың жаппай қолдануына қол жеткізген түрктер ғана болды” деген пікірі темір өндіру ісі байырғы баба­ларымызда жалпыхалықтық кәсіпке айналғандығын байқатады. Алтай, Хакасия және Тыва өңірінде жүр­гізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде түрк дәуіріне жататын бірқатар кен орындары мен пеш қал­дық­тарының іздері сақталғаны анықталды. Археологиялық олжалардың ішінде түрк дәуіріне тән найза, жебе, садақ, шоқпар және қылыш секілді темірден жасалған қару-жарақтардың молынан табылуы түрк қоғамында металлургия ісінің айтарлықтай жоғары деңгейде дамығандығын көрсетіп берді. Түрктер темірді тиімді игере отырып, қару-жарақ пен сауыт-сайманның ең үз­дік үлгілеріне қол жеткізді. Бұл үрдіс Ұлы далада түрктердің әскери қуаты­ның жедел артып, Орхон жырларын­да жырланғандай дүниенің төрт бұры­шын жаулап алуына зор ықпал етті. Түрк қағандығының территориясы кеңейіп, қуатты мемлекетке айналған тұста Ұлы жібек жолы түрктердің билігіне өткені белгілі. Ұлы даланың күретамырына айналған Жібек жолы түрктердің сауда-экономикасы мен саяси-дипломатиясының дамуына зор ықпал етті. Осы арқылы Батыс пен Шығыстың алтын көпіріне айналған – Ұлы дала түрлі этностардың жарастық­та өмір сүруіне мүмкіндік берді. Ұлы Жібек жолы бойында түрлі металдан жасалған бұйымдар мен металл түрлері де тасымалданып, тауар ретінде бағаланғаны жазба деректерде кездеседі. Сол себептен де мұны кейде болат жолы деп те айшықтайды.

Мәселен, түрктердің Шығыс-Рим им­перия­сына темірді өнім ретінде сат­қан­­дығы туралы мәліметтер Визан­тия жазбаларында сақталған. Ал византиялық елші Земарх өзін қарсы алған түрктер оған темір сататындығын, әрі өздерінің саяси күш-қуатын байқату үшін темір кені мен түрлі металл үлгілерін ұсын­ғанын баяндайды. Земарх сол сапарында Батыс түрк қағаны Дизабулдың қабылдауында болып, сән-салтанаты жарасқан қаған ордасын былай деп суреттейді: “…біз қағанды аң аулап, салтанат құрып жүрген жерінен кезіктірдік. Қаған бізді өзінің жібекпен әсемделген шатырына (ордасына) алып барды. Шатыр ішінде алтын тақ, алтын ыдыс­тар, күмістен жасалған бұйымдар, алтыннан жасалған жануар мүсіндері мен басқа да асыл бұйымдар толы екен. Одан кейін бізді басқа бір шатырға алып барды, оның да босағалары алтындалған, іші алтын-күміс заттарға бай, қараған жанның көз жауын алады. Міне, түрк билеушісінің алтындалған ордасы осындай», деп жазады. Ал осы Батыс түрк қағаны Дизабулдың сол кезде Екітау деп аталған Қаратау мен Алатаудың арасын жайлаған әйгілі Естеми қаған екенін ескерсек, қарт Қаратаудың қойнауы бағзы замандардан бері кен орындарына бай екені тағы белгілі.

Осы орайда, Л.Н.Гумилевтің: “түрк­тер әлемдік тарих сахнасында Орта­лық Азияда алғаш рет темірді өнеркәсіптік жолмен игерген халықтың бірі болған”, деп түйіндеуі оның осындай деректерге сүйенгендігін байқатады. Қазақ даласында ұзақ жылдар бойы пайдаланылған қола, темір дәуірінен қалған кен орындарын игеру ісі кейіннен Қазақ хандығы тұсында да жалғасқаны және хан-сұл­тан­дардың жеке кеніштерінің бол­ған­дығы туралы қызықты деректер бар. Мысалы, Көкшетау маңында әйгілі Шоқанның атасы Уәлихан ханның мыс, қорғасын өндіретін меншікті кен орындары болғандығы туралы қазақ жеріне құпия тапсырмамен келген Сібір бөлімшесінің тыңшысы Ф.Назаровтың жазбасында баяндалады. Ол өз жазбасында Уәлихан хан өзіне тиесілі “Мың шұңқыр” кенішін орыс зерттеушілеріне көрсеткісі келмей, тасалап, Шангина экспедициясын басқа бағытқа бұрып жібергендігін баяндайды. Ел арасында егер, кімде-кім хан иелігіндегі кен орындарын орыс зерттеушілеріне немесе сырт көзге көрсететін болса, қатаң жазаланады деп тыйым салған. Әлкей Марғұланның зерттеулерінде меншікті кен орындары Тәуке хан мен Абылайдың заманында да болғандығын айтады. Алтын немесе басқа да бағалы кен орындары тек хан әулеттеріне ғана тиесілі болып, бұл дәстүр қазақ қоғамында ұзақ уақытқа дейін жалғасқан. Ханға тиесілі алтын, күміс өндірілетін кен орындары ханның жеке жасақ жігіттері арқылы тонаушылар мен көлденең аттылардан қорғалған. Хан алтынын (кен орнын) қоритын жігіттер туралы ел арасында “алтын қорыған жігіттер” деген тарихи аңыздар Тарбағатай мен Алтайдан Көкшетауға дейінгі жерлерге таралған.

Бұл қызық деректер Геродоттың жазбасындағы сақ патшаларының алтынын қоритын грифондар (самұрық) туралы аңызды еске түсіреді. Аталған аңыздарды қуаттайтын Алтайдағы сақ қорғандарынан (Берел, Пазырық) грифон мүсіндері табылғанын да айта кету керек. Ежелгі түрктердегі металл игеру, теміршілік дәстүр кейіннен кей­бір түрк халықтарында жалғасын тапты. Мысалы, Алтайдағы шор, куман және туба халықтары теміршілікті негізгі кәсіпке айналдырып, кейінгі ғасыр­лар­да металдан түрлі заттар жасап, жоң­ғар­ларға салық төлеп тұрғандығы жөнін­де қызықты мәліметтер бар. Мұны кеше­гі түрк дәуіріндегі дәстүрлі металл өндІ­ру­дің тарихи сабақтастығы деп те қарас­тыруға болады. Сонымен қатар метал­лургияға қатысты “Темір қапығ”, “Бақыр­лық тау”, “Бақыршақ”, “Темір тау”, “Күміс төбе” секілді жер-су атау­лары да сақталғанын айта кетуіміз керек. Солардың қатарында Қарқаралы ауданын­дағы ірі кен орындарының бірі “Темірші” тауының атауы сонау көне дәуір­­лерден келе жатқан топоним болуы мүмкін және бұл ежелгі түрк­­­­тер­­­­дегі теміршілік дәстүрдің куәсі тәріз­­ді көрінеді. XIX ғасырдың аяғын­да “Темірші” тауына келген геолог Г.Д.Ро­манов­­ский аталған жерден темір өндір­­ген кеніш­тің орнын тапқанын баян­дайды. Бертін келе Темірші тауы орна­лас­­қан Орталық Қазақстан аймағы металл өндіру­дің ірі орталығына айналып, әйгі­лі Темір­тау металлургия комбина­ты салын­­ға­ны белгілі. Бұл Теміртау – қазақ метал­­лург­­терінің қазынамызды байыт­қан құрыш буынын әзірлеген қастерлі қала.

Қазақ этнографиясының тарихында қара темірді қамырша илеп қару-жарақ, ер-тұрман жасаған, алтын-күміс­тен әшекей бұйымдар зерлеген небір хас шеберлер болғаны белгілі. Сөздік қорымыздағы «темір», «темір­ші», «дар­қан», «зергер»,«ұста», «көрік», «дүкен», «төс» және осы тақы­рып­қа қа­тысты тағы да басқа мың­даған атаулар­дың ежелгі дәуірлерде қалып­тасып, қазақ­­тың төл сөзіне айналғаны анық. Қазір­гі күнде де ұсталық кәсібі ұлт­тың жадында сақталып, дәстүрлі түрде сабақтасып келеді. Айталық ұстаның дүкеніне, көрігіне, балға-төсіне сыйыну – осы кәсіп иелеріне деген халық көзқарасын танытады. Мәселен, ел ұсташылық кәсіптің пірі Дәуітті былай деп жырға қосқан:

Әуеден көмір түсірген,

От жақпай, темір пісірген!

Қау көрігі бақылдап,

Балға төсі шақылдап,

Ер Дәуіт, пірім, сен қолда!

Алтайдың ар жағындағы ағайынның осы теміршілік дәстүрді жаңғыртып отырғанын көріп, сүйсінгеніміз бар. Ал бабасы темірден түйін түйген қалың қазақ теміршілікті, кен қазуды және ұста­лықты қазір ата кәсіп көре ме? Бала кезі­мізде әр шаңырақта ер-тұрманмен бірге балға мен төс, қайрақ тұратын. Қа­зір де осы игі үрдіс жалғасып, әр шаңы­рақ­та ер-тұрман мен төс-балға тұрса деп ойлаймыз. Бұл, күнделікті өмірде қол­данбаса да, шаңырақтың киесі әрі жа­стар арасында металлургияның ата кәсіп ретінде қабылдануына оң септігін тигізер асыл мұрамыз болар еді деген пікірдеміз.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!