Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы көші-қон қатынастары жүйеге келтіріледі

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы қабылданды.

Бұл келісімге 2018 жылы наурызда Астанада қол қойылды.

Келісімді ратификациялау жағдайында көші-қон ағымдарын реттеу мен азаматтық мәселелерді шешу үшін қолайлы жағдай жасалады. Құжат бірқатар бағыт бойынша ақпарат алмасуды көздейді. Осы орайда статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпарат, тараптар мемлекеттерінің аумақтарындағы елдер азаматтары туралы мәліметтер ескеріледі, — деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Бұл келісімді 2018 жылғы шілдеде Тәжікстан Парламенті ратификациялады. Осы келісімнің аясында тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес тараптар мемлекеттерінің аумағында еңбек ресурстарын тарту саласында мемлекеттік органдар мен шаруашылық субъектілері арасындағы ынтымақтастыққа ықпал етеді.

Отырыста ҚР «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Тәжікстан Республикасының аумағында және Тәжікстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы да қабылданды. Бұл заң бойынша Қазақстан азаматтары Тәжікстанда, тәжікстандықтар Қазақстанда 30 күнге дейін тіркеусіз жүре алады.

ДереккөзInform.kz