Нұрсұлтан Назарбаев: Тәжікстанмен өзара сауда-саттықты ілгерілетуді көздеп отырмыз

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД елдері басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Душанбеге барды.

Назарбаев Тәжікстанда
Фото: Аkorda.kz

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Президенті тәжікстандық әріптесі Эмомали Рахмонмен кездесу өткізді.

Кездесуде тараптар екіжақты қатынастардың қазіргі мәселелерін және экономиканың түрлі секторындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективаларын талқылады.

Елдеріміз арасында өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнады. Біз Тәжікстанға әрдайым көмек көрсетіп, қолдау білдірдік. Бүгінде осы ынтымақтастығымызды тереңдетіп, өзара сауда-саттықты ілгерілетуді көздеп отырмыз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан басшысы ТМД елдері арасындағы байланыстарды одан әрі нығайту және интеграциялық үдерістерді кеңейту үшін шаралар қабылдаудың маңызды екеніне назар аударды.

Тәжікстан Президенті екі ел арасында қалыптасқан қатынастардың стратегиялық сипаты туралы айтты.

Қазақстан — Тәжікстанның негізгі стратегиялық және экономикалық әріптестерінің бірі. Біздің сауда-экономикалық қатынастарымыз кеңейіп келеді, — деді Эмомали Рахмон.

Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделін ерекше атап өтіп, экономикалық және саяси тұрғыдан қолдау көрсеткені үшін Қазақстанға ризашылық білдірді.

Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың ТМД елдері басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысу үшін Тәжікстанға баратыны хабарланған еді.