Денис Теннің қазасы бойынша іске қатысты сот процесі аяқталуға таяды.
Тараптар қатар тыңдалғаннан кейін сотталушыларға соңғы сөз берілді, содан кейін судья үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті.
Айыпталушылардың бірі Арман Құдайбергенов соңғы сөзінде жасаған іс-әрекеті үшін кешірім сұрады.
Трагедия үшін тағы да кешірім сұраймын. Осылай болғанына шын өкініп, қайғыға ортақтасамын. Мен олай істегім келмеген. Өмірімде мұндай оқиғаға тап боламын деп ойламадым. Сізді түсінемін, Денис жүрегіңізде еді, ол Қазақстанның, Отанымыздың беткеұстар тұлғасы еді. Сондай адамды жоғалтып алғанымызға өкінемін. Сіз оны бала кезден тәрбиеледіңіз, ол мықты адам болуы үшін бар жаныңызды салдыңыз. Сіздің алдыңызда кешірім сұрауға міндеттімін деп есептеймін. Кешіре алсаңыз, кешіріңіз мені. Көкке лайық періште аттанды деп ойлаймын, — деді сотталушы.
Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева да Денис Теннің анасынан кешірім сұрады. Оксана Тен Нұралы Қиясовтың «біз Денисті өлтіргіміз келмеген» дегеніне сенбеді.
Бұған дейін прокурор Қуандық Досов Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов үшін 20 жылға, Жанар Толыбаева үшін 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған еді. Сот үкімі 17 қаңтарда шығарылады.