Алматы әкімі Бауыржан Байбек қылмыстық-түзеу мекемелері мен аудандық полиция басқармалары жанынан ашылған сервистік бағыттағы алғашқы фронт-офистерді аралап көрді. Олардың бірі Красногор көшесіндегі ЛА 155/18 мекемесінде орналасқан.
Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұрын сотталушының туыстары мен адвокаттары мекеме алдында сағаттар бойы күтіп тұратын әрі дәретханаға бара алмайтын, күту залы мен жүк сақтау камералары да болмады. Енді бірыңғай өткізу пункті бар фронт-офистің ашылуы арқасында күту уақыты 2-3 сағаттан 20 минутқа дейін қысқарды және тыйым салынған заттарды алып өту мүмкіндігі барынша азайды.
Қазіргі кезде біз Алматы аумағында инфрақұрылымдық жағдай жасауға күш салып отырмыз. Мемлекет басшысы айтқандай, есеп беру, ашықтық және сервистік бағыт болғаны жөн. Біз жергілікті атқарушы орган ретінде қаржы іздестіріп жатырмыз, прокуратурамен және полициямен бірге цифрландыру бойынша жұмыс істеп, адам факторы мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алып отырмыз. Мұнда жазасын өтеп жатқандарға дұрыс жағдай жасалуы тиіс. Жақындары мен адвокаттары олармен кездесуге келгенде барлығы ыңғайлы болғаны жөн. Енді келушілер далада көп күтіп тұрмайды, өйткені электрондық кезек бар. Мекемеге дейін келетін үш автобустың бағыты ұзартылды, ал көктемде айнала абаттандырылады, — деді Бауыржан Байбек.
Жұмыс сапары барысында Алматы әкімі Түрксіб ауданындағы полицияның тәулік бойы жұмыс істейтін алғашқы фронт-офисін де көрді. Мемлекет басшысының бұқарамен жұмыс істеудің заманауи форматтарын енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында қаланың барлық ауданындағы полицияның жанынан фронт-офистер ашу үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлінді.
Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев ашылған фронт-офистер азаматтар үшін өте ыңғайлы екенін, олардың бұрынғыдай көшеде ұзақ тұрмайтынын, бірнеше тексеру пункті мен кабинеттерден өтпейтінін айтты. Өтініштерді және басқа да құжаттарды қабылдау үшін небәрі 15-20 минут кетеді әрі мұнда үнемі іс жүргізетін прокурор болады.
Дәл осы күні Бауыржан Байбек «Жетісу-Семиречье» сауда үйі базасындағы автомобилистерге арналған мамандандырылған ХҚКО-ның жаңа, бесінші бөлімшесін тексерді. Соңғы жылдары Алматының мамандандырылған ХҚКО жүктемелерінің 5 есе артуына орай бұрындары қала әкімдігі Жетісу және Наурызбай аудандарында қосымша бөлімшелер ашу туралы шешім қабылдаған еді.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы әкімі Бауыржан Байбек Қоғамдық кеңес отырысы барысында қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жеті бағытын атап өткен еді. Олар — полицияны материалдық-техникалық жағынан жабдықтау, цифрландыру, қоғамдық кеңістіктің қауіпсіздігі, көлеңкелі экономикамен күрес, төтенше жағдайлардың алдын алу, жол қауіпсіздігі, қылмысты болдырмаудың пәрменді шаралары.