Не болды?
Қазақстанда бірыңғай QR-код арқылы банк төлемін жасау жүйесі 19 шілдеден бастап іске қосылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, жаңа қызмет қаржы нарығын, байланыс саласын және банкрот мәселесін реттеуге қатысты заң күшіне енгеннен кейін қолжетімді болады.
Жоба аясында мобильді төлемдер банкаралық төлем жүйесіне бірігеді. Оған дейін екінші деңгейлі банктер жүйені тестілеуден өткізуі қажет.
Бірыңғай QR жүйесі түрлі банк клиенттерінің төлемін бір жүйе арқылы қабылдауға мүмкіндік беріп, төлем жасау процесін жеңілдетеді, — дейді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банктің түсіндіруінше, жаңа жүйенің басты мақсаты – түрлі банк клиенттерінің төлемін бір инфрақұрылым арқылы қабылдауды жүзеге асыру. Бұл кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, тұтынушы ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сауда орнындағы төлем терминалдарының саны бұрынғыдай банкпен жасалған келісім мен кәсіпкердің таңдауы негізінде анықталады.
Контекст
Естеріңізге салайық, Халықаралық қайта құру және даму банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арқылы елімізге тартылатын қарыздарға қатысты заң жобасы мақұлданды.
