Басты бетБілімМагистратура мен...

Магистратура мен докторантураға оқуға қабылдау талабы өзгерді

Қазақстанда магистратура мен докторантураға оқуға түсу ережесі өзгерді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов хабарлады.

Біріншіден, магистратураға гранттар келесі жылдан бастап үміткерлердің бірыңғай емтиханының қорытындысы бойынша бөлінеді. Егер осыған дейін магистратураға грантты ЖОО берсе және олар өздері тапсырма дайындап, өздері емтихан өткізіп, түсу туралы шешімді де өздері қабылдаса, енді GMAT форматы бойынша бірыңғай емтихан болады, яғни үміткерлерге Ұлттық тестілеу орталығы ұйымдастыратын кешендік тестілеуден өту керек. Осы тестілеудің нәтижесі бойынша білім беру бағдарламалары тұрғысында жиналған балл бойынша саралау жүргізіліп, жоғары балл жинаған талапкерлер грант алады, сәйкесінше ЖОО-ны ерікті түрде өзі таңдайды, — деп жазды Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасына. 

Вице-министрдің айтуынша, осылайша енді «грант магистранттың соңынан ереді» деген қағида жүзеге асырылады. Бұл жоғары оқу орындары арасында бәсекелестіктің артуына және гранттардың ашық және әділ берілуіне ықпал етеді. 

Магистратураға түсушілер дайындық бағытының шеңберіндегі нақты білім беру бағдарламаларының тобын көрсетуі қажет. Үміткерлер шет тілін тапсырады (бұған дейін де солай болған), сонымен бірге білім алуға дайындығы және 2 салалық пән бойынша тест тапсырады.

Асхат Аймағамбетов докторантураға түсуге қатысты жаңа талап туралы да айтты.

Оқуға түсуші докторантураның салалық пәні бойынша қай ЖОО-ға түссе, сол жерде, сол университетте емтихан тапсырады, сонымен қатар шет тілін білетінін растайтын сертификат ұсынады. Мұндағы басты өзгеріс — енді докторантураға түсу үшін халықаралық сертификат (IELTS, TOEFL және тағы басқалар) талап етілетінінде. Шет тілінен тестілеу докторантура бойынша енді Ұлттық тестілеу орталығы арқылы өткізілмейді. Сондықтан докторантураға түсемін деп ниет білдірушілер осы бағыт бойынша дайындалуы тиіс, — дейді вице-министр.

Асхат Аймағамбетов бұған дейін 2019 жылы өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты бес маңызды жайт туралы хабарлаған еді.