«Қазтелерадио» АҚ 11 миллион теңгеден астам айыппұл төлейді

«Қазтелерадио» АҚ қызметінен бағаны объектив себепсіз түрлі белгілеу және нарық субъектілеріне түрліше шарт ұсыну сияқты заңсыздықтар анықталды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Комитет «Қазтелерадио» АҚ-ның Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын қаншалықты сақтап отырғанын тексерген. Әсіресе, ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 2-тармақшасының орындалуына мән берілді, бұл талап — үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалануға жол бермеу туралы.

Қоғамның әрекеттерінен телекоммуникациялық жабдықтарды сақтау жөніндегі қызметтерге нарық субъектiлерiмен немесе тұтынушылармен жасалған мәні бірдей келiсiмдерге объектив түрде ақталмайтын себептермен әртүрлi бағаларды не әртүрлi шарттарды қолданудан көрінген Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу фактісі анықталды, — делінген хабарламада.

Комитеттің хабарлауынша, Алматы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2018 жылғы 20 қарашадағы қаулысымен «Қазтелерадио» АҚ-ны құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды және 11 618 205,36 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салды.

Сонымен бірге компанияға Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын бұзуды тоқтату және олардың салдарын жою туралы нұсқау берілді.

«Қазтелерадио» АҚ — Қазақстанның хабар тарату саласындағы ұлттық операторы. Қызметінің басым бағыттары эфирлік цифрлық телерадиохабар тарату желісін енгізу мен дамыту, жерсеріктік телерадиохабар тарату ұлттық жүйесін дамыту, республиканың бүкіл аумағында техникалық жоғары сапалы теле және радиосигналдың үздіксіз қабылдау мүмкіндігімен қамтамасыз ету, мәлімет тарату қызметін ұсыну, телекөпір мен бейнеаралық өткізу бойынша қызмет ұсыну және ақылы негіздегі көпбағдарламалық жерсеріктік және эфирлік телеарналар көрсету қызметін ұсыну.