Мейрамда ас мәзірі үй-жайға, қаражатқа, уақытқа да байланысты әр үйде әртүрлі болады. Сондықтан талғамыңыз бен жағдайыңызға сай үлгіні анықтап алыңыз.
Аспаз Артур Байтеевтің айтуынша, тағамға тек жергілікті, маусымдық және жаңадан алынған азық-түлікті қосқан жөн. Оларда витамин көбірек сақталады. Әрине, қазіргі заманда барлық азық-түлік қолжетімді. Грекиядан бір күнде қажет ингредиентті алдыртуға болады. Италияның аскөгін де табу қиын емес. Сондықтан әзірлейтін тағамыңыз қарапайым болса да, сапасына баса мән берген жөн. Сапасы төмен экзотикалық азық-түліктен гөрі құнарлы ингредиентке бай тағамдар бағалырақ.
Жаңа жыл дастарханы қалтаға ауырлық түсірмеуі үшін бұл іске ойланып кіріссеңіз, қажетсіз азық-түлік сатып алмайсыз. Көп ингредиенті бар тағам түрлерін бірнеше рет қарастыру керек. Себебі олар құрамы бойынша ұқсауы мүмкін. Бөлек-бөлек азық-түлік алғанша бір ингредиентті екі тағамға да пайдалансаңыз, тиімді болады. Тағамды дәмдірек қылу үшін міндетті түрде біраз ингредиенттің орнына қарапайым әрі жаңа соус қосып та түрлендірсеңіз, өкінбейсіз. Қосымша гарнир жасасаңыз немесе астың безендірілуіне көңіл бөлсеңіз, шығынды азайтуға болады, — дейді Артур Байтеев.
Жаңа жылда міндетті түрде оливьеден бастап неше түрлі салат жасалады. Оны дайындау үрдісін былайша оңтайландыруға болады: көкөністі турап алып пісірсеңіз және сәбіз бен қызылшаны микротолқынды пеште пісірсеңіз, уақытыңызды үнемдейсіз.
Ал етті пеште қыздырып пісіргенде күйіп кетпеуі үшін оны пияз бен балдыркөктің үстіне салыңыз немесе пеш табасына су құйып, еттің бетін қақтамамен не пергаментпен жауып пісіруіңізге болады.
Қыздырып пісірілген көкөніс салаты
Құрамы
Пияз — 500 грамм
Сәбіз — 500 грамм
Картоп — 1 келі
Гүлшетен — 15 грамм
Зәйтүн майы — 50 грамм
Қызыл бұрыш — 10 грамм
Көкөністі бірдей пішінде турап, дәмдеуіш, гүлшетен мен майды қосып, пеш табағына бір қабатта саласыз. Бұл тағам 30-40 минут 220 градуста пеште қыздырып пісірілуі керек.
Асжапырақ пен тауық салаты
Құрамы:
Асжапырақ — 100 грамм
Қуырылған тауық еті — 100 грамм
Қызанақ — 100 грамм
Қызыл пияз — 15 грамм
Кептірілген нан — 20 грамм
Салат қосыпасы — 60 грамм
Салат қоспасы:
Зәйтүн майы — 300 грамм
Бальзамды сіркесу — 100 грамм
Дәнді дижон қышасы — 50 грамм
Тұз — 10 грамм
Қант — 15 грамм
Қара бұрыш — 5 грамм
Осы ингредиенттерге сіркесу қосып, миксермен араластырасыз, үстіне май құясыз. Қоспаны эмульсия күйге жеткенше араластыру керек.
Ал егер жаңажылдық дастарханыңызда қой етінен жасалған тағамдар болса, оны мынадай жолмен тіл үйірердей дәмді етіп пісіруге болады: етті сыртқы қабықшасы мен артық майдан тазартып, дәмдеуіш және лимон шырынын қосып, 10-12 сағат маринаттау керек, содан кейін пеш табағына етті саларда астына көкөніс қойып, қызыл шарап құясыз, бетін қақтамамен жауып, 220 градуста пеште қыздырып пісіріп, 30 минут өткен соң температураны 160 градусқа түсіріп, 3-4 сағат пісіру керек.
Қой етіне арналған дәмдеуіш:
Қара бұрыш — 5 грамм
Қант — 20 грамм
Сарымсақ — 20 грамм
Қызыл бұрыш — 20 грамм
Зира — 10 грамм
Ұнтақталған қызыл ащы бұрыш — 15-20 грамм
Тұз — 50 грамм
Барлық ингридиентті блендерде араластырып, тағамға қосасыз.
Жаңа жыл дастарханы кезінде денсаулық пен дене сымбатын қалай сақтау керек? Бұл сауалға диетолог Анастасия Колпакова жауап берді.
Маманның айтуынша, бір кеште шамадан тыс тамақ жесеңіз, артық салмақ қоспайсыз, бірақ бұл асқорыту жүйесіне, әсіресе түнде ауыр тиеді. Оны болдырмау үшін төмендегі бірнеше ережені ұстансаңыз, денсаулығыңызды сақтайсыз:
- 31 желтоқсанда тамақтану режимін сақтаңыз. Таңертең, түсте және кешке толыққанды тамақ ішіңіз. Бұл күні мерекелік кешкі ас жоспарланса да, оған дейін уақытында тамақтаныңыз.
- Балама іздеңіз. Майонезді жақсы көрсеңіз, сол тәрізді тағамды өзіңіз жасап алыңыз. Оливье жасағанда шұжықты суға піскен етпен алмастырыңыз немесе тауық етін қосуыңызға болады.
- Салатты жаңа піскен көкөністен жасаңыз. Оларда калория аз әрі құрамындағы жасұнық асқорытуға жақсы көмектеседі.
- Кешкі тамаққа ақуызы неғұрлым көп азық-түлік пен көкөністі жеу керек. Мерекелік дастарханға күркетауық не балықты көкөнісі бар гарнирмен пісіріп қойыңыз.
- Тәтті тағамдарды 1 қаңтарға қалдырған жөн. Мерекелік кеште жемісті көп жеген абзал. Бірақ ауқатты астан соң бірден жеміс жемеңіз, одан іш кебеді.
- Уылдырықты қызыл балықпен алмастырыңыз. Себебі оның тұзы мен калориясы көп, сонымен қатар ол көбіне нан және сарымаймен желінеді. Ал бұл дегеніміз — тағы да калория.
- Алкоголь. Тәтті сусындар мен коктейльдерден бас тартыңыз. Ал алкогольдің ішінде құрғақ шарап — ең жақсы таңдау. Бірақ екі фужерден артық ішпегеніңіз жөн.
- Тамақ ішерде тәрелкеңіздің төрттен үш бөлігін көкөніспен, қалған төрттен бір бөлігін етпен толтырғаныңыз жақсы. Бұл ережені Жаңа жылды қайда тойласаңыз да, ұстаныңыз.
- Шұжық пен сосискадан бас тартыңыз. Бұл азық-түлікті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы канцерогенді тағам деп танығанын ескеру керек. Ол қатерлі ісіктің пайда болу қаупін арттырады.
- Қанша тырыссаңыз да, артық тамақ ішіп қойсаңыз, келесі күні қалайда аз тамақтаныңыз.