Халқымыз ағаш күбіге немесе мал терісінен тігілген сабаға құйылған сүтті ұзақ пісіп, сарымай дайындаған.

Шикі сүттен, ұйытылған айраннан немесе қатықтан сарымай алуға болады. Сабаға құйылған сүт іркітке айналған сәтте бетіне сарымай бөлек шығады. Іркіттің бетіндегі майды қалқып алып, сығымдап, суын сорғытады. Алынған майды бірден суық суға салып, іркіттен айырады. Суық суға салынған майдың басы тез бірігіп, езіліп, қолға жағылмайды. Суда қатқан майды табаға салып, шапалақтап ұрып, суын шығарады. Содан кейін тұздап сақтайтын ыдысқа салады. Бұл айтылғандар – шикі сүт өнімінен алынатын май. Ал еліміздің оңтүстік өңірінде майды отқа пісірілген сүтті айран етіп ұйытып, оны ағаш күбіде пісіп немесе электр күбілерде айналдырып, ажыратады.

Бұрынғы қазақ майды қойдың, ешкінің қарнына немесе бүйеніне салып сақтаған. Майға сақталған қарнына байланысты атау берілген. Атанқарынмай – кәрі қой мен серкенің қарнына салынған май. Мұндай қарындарда май ұзақ уақыт сақталады. Бұл қарынның қатты, мығым болғанына байланысты. Қимас дүниені қызғыштай қорығанда “сарымайдай сақтап” деп сол себепті айтса керек. Ал қозықарынмай – жас малдың қарнына салынған май. Бүйенге салынған майды бүйенсарымай деп атайды. Бүйенге салынған майды бүйенмен бірге пішіндеп, кесіп жейді.

Сарымайды қазанға салып қайнатып, тортасынан айырып сақтайды. Оны шыжғырылған май, тортасынан айырған май, қорытылған май деп атайды. Тортасынан айырған май ұзақ сақталады және ол қыстыгүні пайдалы, аса құнарлы.

Бауырсақпен бірге қойылатын сарымай қазақ дастарханынан еш үзілген емес. Көнекөздер дастарханда сарымай тұрып, одан ешкім дәм татпаса, “сарымайдың киесі ұрады” дейді.

Бердібек Соқпақбаевтың “Балалық шаққа саяхат” атты кітабында бас кейіпкер сарымайды армандап, “Сарымайды ойласам, аузыма сілекей үйіріледі” дейді. Жазушы тойымды асты адамның қалай сағынатынын дәл суреттейді.

Сарымай өсімдік майынан әлдеқайда құнарлы. Көшпелі қазақ сарымай жеп, түзде тоңбаған, ашықпаған.

Табиғи сарымай А, D, E, K дәрумендеріне бай. Бұл заттар мидың, көру жүйесінің, тынысалу мүшелерінің жұмысын жақсартады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!