Астананың төтенше жағдайлар қызметі жұмыс күнін қысқартуға кеңес берді

Астананың төтенше жағдайлар департаменті ұйымдар мен мекемелердің басшыларына қатты аязға байланысты жұмыс күнін қысқартуды ұсынды.

Ауа температурасының күрт төмендеуіне, ауа райының нашарлауына байланысты және қайғылы жағдайларды болдырмау үшін Астана төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік органдарға, білім мекемелеріне, кәсіпкерлік (базарлар, сауда ойын-сауық орталықтары) пен құрылыс нысандарына жұмыс күнін қысқартуға кеңес береді, — делінген хабарламада.

Департамент мамандарының мәліметінше, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұйымдар: өрт сөндіру қызметі, полиция, төтенше жағдайлар департаменті, жедел медициналық жәрдем, коммуналдық қызметтер толық жұмыс істей беруі керек.

«Қазгидрометтің» мәліметінше, 25 желтоқсан күні Астанада ауа температурасы 30 градус (38 градус болып сезіледі) аяз болып тұр, жел екпіні секундына 2 метрге жетеді. Төтенше жағдай кезінде қала тұрғындары «112» телефон нөміріне қоңырау шалуы қажет.

ДереккөзTengrinews.kz