Астананың білім басқармасы оқушыларға аязға байланысты сабаққа бармауды ескертті

25 желтоқсанда Астана мектептері мен колледждерінде сабақ өткізілмейді. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі білім басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Білім басқармасының мәліметінше, мектептер мен колледждердің бірінші және екінші ауысымында оқитын оқушылар үшін сабақ болмайды.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты 25 желтоқсанда қала мектептерінің бірінші және екінші ауысымында оқитын 0-11 (12) сынып оқушылары мен колледждердің 1-2-курс студенттері үшін сабақ өткізілмейді, — делінген таратылған хабарламада.

Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері Астанада аяз күшейеді. «Қазгидромет» РМК мамандары 25-26 желтоқсан күндері Астанада ауа температурасы түнде 33-35 градусқа дейін төмендейтінін хабарлады. Ал Ақмола облысында бұл күндері түнде сынап бағанасы 32-37, кей жерлерде 40 градус аязды көрсетеді.