Келер жылы Астанада 10 мың ақылы автотұрақ ашылады

Ақылы тұрақтар жұмысын бастағалы олардың қызметін жарты миллионнан астам жүргізуші пайдаланды.

Астана әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС 2019 жылдың соңына дейін қала аумағында 10 мың ақылы тұрақ ашқалы отыр.

Ақылы тұрақ орындарын іске қосудың келесі кезеңі сол жақ жағалаудағы Қонаев, Достық көшелерінде, оң жақ жағалаудағы Кеңесары, Бейбітшілік, Сейфуллин, Желтоқсан және Жеңіс көшелерінде жүзеге асады. Автоқұмарларға бір ай бұрын хабарлаймыз. Ақылы тұрақтар пайда болатын орындарда бұл жердің алдағы уақытта ақылы болатыны туралы ескерту сипатындағы ақпараттық қалқандар орнатылатын болады, — деді компанияның баспасөз хатшысы Айгүл Амантаева.

Автотұрақтарды пайдаланушылардың пікірін саралай келе, 10 айлық жұмыстың нәтижесінде ақылы тұрақтар жүйесі көліктердің жол бойында бейберекет қойылуын болдырмауға, Нұржол желекжолын жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз етуге септігін тигізді. Желекжол маңындағы көшелердің өткізу қабілеті де едәуір ұлғайды.

Ақылы тұрақтар туристер үшін ыңғайлы болды. Қыдырушы туристер енді Нұрлыжол желекжолында қымтырылмай, бей-берекет қойып тастаған көліктер арасынан өтетін орын іздеп жүрмейтін болды. Енді демалушылар Нұрлыжол желекжолының екінші жағына еркін өте береді. Жобаның мақсаты да осы болатын. Көпшілік ойлағандай табыс табу емес, бастысы ыңғайлылық, — деді Айгүл Амантаева.

Ол 2018 жылдың 23 сәуірінен бастап ақылы тұрақ ережесін бұзғаны үшін айыппұл есебінен Астана бюджетіне 66,7 миллион теңгенің құйылғанын жеткізді. «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» компаниясы әзірге ақылы тұрақтың төлем құны өзгермейтінін айтты.

Пилоттық режимдегі жоба 2018 жылдың 15 қаңтарында Нұрлыжол желекжолында іске қосылды. Әкімшілік орталықта 487 аймақтың 24-і сертификатталған арнайы жабдықтармен — паркомат, жол белгілері, ақпараттық тақта және таңбалармен жабдықталып, ақылы болды.