Астанада алаяқтық жасады деген күдікпен қарағандылық ұсталды

Астаналық полиция қызметкерлері әлеуметтік желі арқылы бірнеше алаяқтық жасаған 23 жастағы қарағандылықты күдікті ретінде ұстады. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, хабарлады.

Күдікті Instagram әлеуметтік желісінде жалған аккаунтар жасап, ішіктер мен басқа да аң терілерінен жасалған өнімдерді төмен бағамен және жеңілдікпен сатуды ұсынған. Парақшасын тартымды қылып көрсету үшін басқа интернет-ресурстардан ішіктердің әдемі фотосуреттерін көшіріп қойған, сонымен қатар түрлі сауда үйлерінің жалған мекен-жайларын көрсеткен, — делінген баспасөз хабарламасында.

Жалған сатушы тауарды сатып алушыға дейін жеткізетініне сендіріп, киви-әмиянға 100%-дық төлем жасауын сұраған. Ақша аударылғаннан кейін қаскүнем аккаунтты бұғаттап, ұялы телефондарын сөндіріп, біраз уақыттан кейін қайтадан жаңа аккаунт жасап отырған.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабы бойынша жалпы сомасы 1 миллионнан асатын 8 факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Интернет алаяқтықтардан зардап шеккендер санының көп екенін  полицейлер жоққа шығармайды.

Сондықтан тәртіп сақшылары күдіктінің заңсыз әрекетінен зардап шеккен адамдардың қалалық полиция департаментіне хабарласуын сұрайды: Бейбітшілік көшесі, 19 немесе 8 (7172) 71-62-91; 71-63-35 немесе 102.