Астана әкімдігі нарықтағы көмір бағасын бақылап отыр

Астанадағы көмірдің жалпы қоры 12174,74 тоннаға жетті. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Астанаға жеткізілген 1659 тонна көмірдің 690 тоннасы – «Шұбаркөл», 969 тоннасы – «Қаражыра» маркалы көмір.

Астаналық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, қазіргі таңда нарықтағы көмір жағдайы тұрақты, даулы мәселелер жоқ.

«Шұбаркөл» тоннасы  –  11 400 теңге, «Қаражыра» тоннасы –  13 200 теңге, «Майкөбе» тоннасы – 12 500 теңге, «Богатырь көмір» тоннасы –  9000 теңге, «Кузнецкий» –  12 250 теңге.

Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы сатушылармен бағаны көтермеу жөніндегі меморандумға қол қойған еді.

Астана әкімдігі күн сайын нарықтағы көмірге қатысты жағдайға мониторинг жүргізіп, оны үнемі бақылауында ұстап отыр.  «iKomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының базасында тұрғындар үшін арнайы жедел желі жұмыс істейді.