Бақыт Сұлтанов № 2 қалалық көпбейінді ауруханадағы Тұңғыш Президент күні дүние есігін ашқан нәрестелер мен олардың аналарын құттықтады. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жас аналарға гүл шоқтары, серуенге арналған арба мен нәрестелерге арналған бұйымдар сыйға берілді.
Балаларыңыз лайықты азамат болып өсіп, барлығымызды қуанта берсін. Олар ерекше күні дүниеге келді – Тұңғыш Президент күні. Олардың бәрі де болашақта Отанымыздың атын шығаратын азаматтар болсын, — деп құттықтады жас аналарды Бақыт Сұлтанов.
1 желтоқсанда таңертең № 2 қалалық көпбейінді ауруханада алты бала дүние есігін ашты. Олардың үшеуі – ұл, үшеуі – қыз. Жаңа туған сәбилердің де, аналардың да жағдайлары қалыпты.
Мерекелік акция барысында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров, бас дәрігер Иван Ли Астана әкіміне екі емдеу мекемесінің арасын дағы диагностикалық орталықтың қабылдау бөлімін ашуға қатысты жобаны таныстырды.
Бұл халықаралық стандарттарға сай қабылдау бөлімін ашу үшін жасалып жатыр. Сонымен қатар, ауа райының қолайсыздығына қарамасытан науқасты бір емханадан екіншісіне еш кедергісіз тасымалдауға үшін екі емхана арасында «әуе» өтпелі жасалатын болады. Қазір бұл жоба әзірлену үстінде. Осындай орталықтарды ашуға қатысты халықаралық тәжірибені зерттей келе, аталған жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз, — деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров.
Осы жылдың күзінде № 2 қалалық көпбейінді аурухана № 1 перинаталды орталықпен біріктірілген болатын. № 2 қалалық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Иван Ли медициналық орталықтарды біріктірудің оң нәтижесін атап өтті.
