Келер жылы Алматы облысында 3000 пәтер пайдалануға беріледі

«7-20-25» бағдарламасы еліміздің жылжымайтын мүлік нарығына жаңа серпін берді. 2019 жылы қаржыландырудың барлық көзі есебінен 763,1 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Талдықорғанға соның 120 мың шаршы метрі тиесілі болмақ. Облыс орталығы тұрғындарының баспанаға деген қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы кезекте тұрғандар үшін 570 пәтер беріледі.

Алдын ала төлемді төмендету үшін жыл сайын құны 1 миллиард теңге болатын сертификаттарды денсаулық сақтау қызметкерлері, мұғалімдер мен полиция қызметкерлеріне бөлу көзделген.

Сонымен қатар «7-20-25» бағдарламасы аясында коммерциялық тұрғын үйлерден 3000 пәтер салынады. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары Алматы облысының халқын қолжетімді баспанамен қамтуға ықпал етіп жатыр.