Басты бетТанымСауда мен...

Сауда мен ғылымның баға жетпес орталығы болған Отырар

Қазір қала орнына туристер мен археологтар жиі барады. Өйткені Отырар басқа көне қалалармен салыстырғанда жақсы сақталған. Ашық аспан астындағы музейдің аумағы — 200 гектар. Шаһар үш қақпасы бар биік қабырғамен қоршалған.

Отырар — VIII ғасыр жазбаларында Тұрарбанд, Тарбанд, Тұрар деген түркі тіліндегі атауымен белгілі көне қала. Кейін Фараб, сосын Отырар деп аталған. Көне қала тұрғындары V–XV ғасырларда Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасаған. Иран мен Орталық Азиядан Сібірге, Моңғолия мен Қытайға қатынайтын Ұлы Жібек жолындағы сауда кәсібін дамытқан маңызды қала болған.

Отырар қаласы
Фото: Turkistan Tourism Center

Отырар дегенде бірден қаланың қирауына себеп болған шайқас еске түседі. 1218 жылы Отырар билеушісі Қайыр ханның бұйрығымен Шыңғыс ханның ірі керуені саудагерлерімен бірге өлтірілген. Бұл жағдай Шыңғыс ханның Орталық Азияны шабуына себеп болды. 1219 жылы күзде моңғол әскері қаланы жаулап алып, тас-талқанын шығарды. Қала халқының жартысы шайқаста қырылса, аман қалғандары жау қолында құлдықта кеткен. Бірақ қала біржола құрып кеткен жоқ. Көп уақыт өтпей ол қайта гүлдене бастады.

Деректерге қарағанда, 1255 жылы қала қайтадан сауда-саттықтың өркендеген орталығы болған. Көптеген мешіт-медресе, кеңсе салынған. Ал XIV ғасыр соңында Отырар Әмір Темір басшылық ететін мемлекеттің құрамына кіреді. Әмір Темірдің өзі 1405 жылы Отырарда қайтыс болған. XVI ғасырдан бастап қана Отырар Қазақ хандығына кірді.

Отырар қаласы
Фото: Turkistan Tourism Center

Отырарда, Сауран мен Таразда ақша соғатын сарай болған. Отырардың теңгелері Орталық Азия мен Қазақстанның оңтүстігіне кең тарады. ХIII-XIV ғасырларда қалада ірі қоғамдық ғимараттар салынған. Медресе, мешіт тұрғызылған. Қала, әсіресе, Қазақ хандығы құрамында болғанда дами түскен. Бірақ жоңғар шапқыншылығы кесірінен XVIII ғасырдың ортасында біржола қаңырап бос қалды.

Отырардың даңқы оның медресесі мен кітапханасы арқылы да шықты. Жастарға сол заманның озық тілі саналған парсы, түркі-қыпшақ және араб тілдерін меңгерткен, астрономия, музыка, геометрия секілді пәндер бойынша сабақ берген Әбу Насыр әл-Фарабидің өзі медресе мен кітапханада білім алған. Осылай, Отырарда саудамен бірге ғылым-білім, өнер мен мәдениет те дамып отырды.

Отырар қаласы
Фото: t.me / Madeniet_zhane_sport_ministrligi

Отырар мейлінше жете зерттелді. Мұнда жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде жеті мәдениет қабаты табылған. Бұл тарихи қазына ғалымдар үшін үлкен олжа болды. Ортағасырлық Отырардың орнынан қыш, металл бұйым, шақа мен тастан жасалған көптеген ұсақ-түйек зат жиналды. Әсіресе, нумизматикалық материалдар қаланың XVI-XVIII ғасырлардағы өмірінен нақты мағлұмат береді.