Таразда Қала күніне орай Жамбыл Жабаев ескерткіші ашылды

Мерекеге орай Жамбыл Жабаев ескерткіші, теміржол маңындағы «Тараз» сквері, Қайрат Рысқұлбеков ескерткіші, «Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясы, «Ғибрат» орталығы ашылып, Желтоқсан скверінде «Желтоқсан толқыны» субұрқағы іске қосылды.

Сонымен қатар жаңғырған «Жеңіс» саябағында тыл еңбеккерлеріне арналған, «Чернобыль» атом электр станциясының зардабын жоюға қатысушыларға арналған және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер ашылды. Қала күніне орай «Үшбұлақ» демалыс орны да пайдалануға берілді. Жаңа нысандардың ашылуына облыс жұртшылығы қатысты.

Мерекелік іс-шаралар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы саябақта, Тұрар Рысқұлов атындағы саябақта, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында, «Тараз Арена» спорт сарайында түрлі форматтағы шаралар өткізілді. Іс-шаралар Жуалы, Меркі, Талас, Жамбыл, Сарысу, Шу, Қордай аудандарынан дайындалған концерттік бағдарламалармен сүйемелденді.

«Тараз — менің сүйікті қалам!» атты мерекелік іс-шара «Достық» орталық алаңында мерекелік отшашумен түйінделді. Концерттік бағдарламаларда қазақстандық эстрада жұлдыздары — Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Бағдат Сәмединова, Қуандық Рахым, Арай Серікхандардың және OXFORDS live band вокалдық-аспапты ансамблінің орындауында әндер шырқалды.