Алматы арқылы өтетін бірнеше транзиттік жол пайдалануға беріледі

Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында көлік және логистика саласын цифрландыру бойынша бірқатар жобалар енгізіліп жатыр.

Жол бойындағы қызмет көрсетулерді цифрландыру үшін «КАЗ УЭЙ» мобильдік қосымшасы әзірленді. Деректер Халықаралық автомобиль көлігі бірлестігінің «ТРАНС ПАРК» электронды картасына енгізілді. Сондай-ақ көлікті бақылау рәсімдерін автоматтандыру мақсатында арнайы өлшеу құралдарын енгізу жалғасуда.

Республикалық маңызы бар ақылы жол желілерін дамыту мәселелері бойынша қазіргі уақытта 3 учаскедегі төлем алу жүйесі тесттік режимде пайдалануға берілді. Олар: Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас және Астана-Теміртау учаскелері. 2019 жылдың қаңтар айында Шымкент-Ақтөбе-Мәртөк (1628 км) және Шымкент-Тараз-Қайнар (383 км) учаскелеріне ақылы жүйені орнатуға конкурс жарияланады. Жалпы, 2020 жылға қарай ұзақтығы шамамен 6 500 шақырым болатын 17 учаскеде төлем алу жүйесі іске қосылады.