Астанада Түркі кеңесі мемлекеттерінің жастар және спорт министрлерінің үшінші отырысы өтті. Шара түркітілдес мемлекеттер мен жастардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға және ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
ҚР Қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыс жұмысына Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдад Әміреев, ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Түркияның жастар және спорт министрі Мехмет Қасапоғлы, Қырғызстанның жастар, дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің директоры Қанат Аманқұлов, Әзірбайжанның жастар және спорт министрінің орынбасары Исмаил Исмаилов қатысты.
Дархан Кәлетаев ұлттық тарихты, мәдениетті, салт-дәстүрлерді сақтаудың маңызына тоқталып, болашақ ұрпақтың табысы тікелей осы құндылықтарға байланысты екенін айтты.
ҚР Қоғамдық даму министрі кездесуге қатысушыларды ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен таныстырып, түркі әлемі елдері арасында тығыз қарым-қатынас орнамаса, аталған мақалада көрсетілген мақсат-міндеттерден белгілі нәтиже шықпайтынын айтты.
Министр елдегі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың негізгі аспектілеріне тоқталып, Түркі кеңесі жастарының ортақ алаңының сәтті жүзеге асуы аталған жұмыстардың тиімді болуына септігін тигізетінін де айтты.
Жастар жылы қарсаңында бұл отырыс біз үшін өте маңызды. Келесі жылы іс-шаралар өткізуде Түркі кеңесіне қатысушы елдердің қолдауына ие болғымыз келеді. Осылайша 2019 жылы Қазақстанда Түркі кеңесі жас көшбасшыларының ІІ форумын өткізуге дайын екенімізді жеткіземіз, — деді Дархан Кәлетаев.
Отырыс барысында ІV Халықаралық жастар лагерін және Түркі кеңесінің ІІІ халықаралық жастар фестивалін өткізу мәселелері талқыланды.
Түркі кеңесі — қазіргі заманғы түркітілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым, оның басты мақсаты — ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту.