Нұрсұлтан Назарбаев жастар саясатын іске асыруда ҮЕҰ ролін күшейтуді тапсырды

Нұрсұлтан Назарбаев VIII Азаматтық форумда халық бірлігін нығайту мен елімізді орнықты дамыту жолында мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнатудың маңызы туралы айтты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент бизнес өкілдерін балалар үйлері мен «Ана үйі» дағдарыс орталықтарына қолдау көрсететін ұйымдардың жұмысына көмектесуге үндеді. Сонымен қатар арнайы санаттағы азаматтардың оңалуына жәрдем беру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік маңызы бар басқа да жобаларды іске асырумен айналысып жатқан үкіметтік емес ұйымдарға ризашылық білдірді.

Үкіметтік емес ұйымдар саны 2003 жылы 5 мың болса, 2018 жылы 22 мыңға дейін жетіп, төрт еседен астам өскен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 65 есе өсіп, қазіргі кезде 20 миллиард теңгеден асып отыр. Нәтижесінде бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, іс жүзінде, қоғамымыздың маңызы бар барлық саласын қамтиды, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы үкіметтік емес секторды әлеуметтік саясаттың басты бағыттарына тарту керек екенін айтып, үкіметтік емес ұйымдар жобаларын қаржыландыру ісін ашық жүргізуді тапсырды.

Осы бағытта Үкіметке цифрландыру үдерісінің аясында Үкіметтік емес ұйымдарды тексерудің бірыңғай электрондық реестрін құруды тапсырамын. Мұнда үкіметтік емес ұйымдар өз еркімен тіркеліп, тиісті материалдарын орналастыра алады. Бұл осы ұйымдардың рейтингін қалыптастырып, олардың қаржыландыруға қол жеткізуіне мүмкіндік береді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент азаматтық бақылау жүргізудің тиімді тетігін құру қажет екенін және бұл ретте Қазақстанның Азаматтық альянсы басты роль атқаратынын айтты.

Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қызметтерді беру жөніндегі жұмыстарды жалғастырған жөн. Осы бағыттың аясында экология, әлеуметтік жұмыс, балалардың құқығын қорғау және басқа да салалар бойынша жобалар жүзеге асырылуы мүмкін. Үкімет пен Қоғамдық даму министрлігіне барлық айтылған ұсынысты мұқият зерттеп, оның жүзеге асырылуын қарастыруды жүктеймін, — деді Мемлекет басшысы.

Іс-шара барысында мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына қоғамдық бақылауды бағалау және қамтамасыз ету үдерісіне үкіметтік емес ұйымдардың белсенді атсалысуы керек екені айтылды. Осыған байланысты Президент Үкіметке Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

Жастар саясатын іске асыру ісінде үкіметтік емес сектордың ролін күшейту қажет. 2019 жылдың Жастар жылы деп жарияланғанын ескеретін болсақ, бұл мәселе өте маңызды, — деді Президент.

Форумда Нұрсұлтан Назарбаев еріктілер қозғалысына қолдау көрсету бағдарламасын кеңейту үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысы осы қызмет түрінің сұранысқа ие екені EXPO-2017 көрмесі мен XXVIII Қысқы Универсиаданың өткізілуі барысында анық көрінгенін айтты.

Үкіметтік емес ұйымдардың атсалысуымен мүмкіндігі шектеулі адамдар, ерекше мұқтаж балалар мен жастар үшін аса белсенді ортаның қалыптасуы жақсы үрдіс саналады. Инклюзив қоғамды дамыту — әлемдік тәжірибе және барлық дамыған елдің азаматтық қоғамы жүзеге асыратын маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі, — деді Президент.

Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі жүзеге асырып, «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақалада белгіленген басымдықтар аясында жұмыстарды бастаудың маңызын атап өтті. Президент мұнда көрсетілген бағыттар мен жобаларды іске асыру үдерісіне үкіметтік емес ұйымдарды тарту қажет екенін айтты.

Қала, аудан әкімдері цифрлық технологияны қолдана отырып, бір терезе қағидаты бойынша халыққа кедергісіз ашық кеңістік қызметін ұсыну жүйесін енгізу керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Үкіметке Азаматтық форум барысында айтылған ұсыныстар негізінде нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді және оған барлық мүдделі мемлекеттік органның атсалысуын тапсырды.