Алматыда Жерді қашықтықтан зондтау орталығы ашылды

ҚазҰУ-да алғаш рет Жерді қашықтықтан зондтау орталығы ашылды. Жоба ҚХР Ғылым Академиясының аэроғарыштық ақпарат ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жасалды.

Орталық ғылыми, қолданбалы және білім беру салаларында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша іске асады. Бұл «Картография және геодезия», «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандықтары бойынша мамандар даярлау процесін жеделдетеді.

Зондтау нақты уақыт режимінде Қашқар қаласының қабылдау станциясының базасынан жөнелтілетін болады. Өз кезегінде бұл қоршаған ортаны, табиғи ресурстардың, ауыл шаруашылығының жай-күйін қадағалау және мониторингілеу жөніндегі жұмыстың сапасын жақсартады. Жергілікті жердің ғарыштық түсірілімін жасауға, геология және картографиялауда зерттеулер жүргізу, табиғи және техногендік сипаттағы жағдайлардың алдын алуға кең мүмкіндіктер ашады, — дейді ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.

Мамандардың пікірінше, мұндай орталық «Ғарыштық техника және технология» мамандығы бойынша оқитын студенттер үшін тәжірибелік платформа болмақ. Ғалымдар серіктестермен бірлесіп болашақта жерді қашықтықтан зондтау нәтижелерін коммерциаландыруға ниетті екендерін айтты.