Астанада ҚХА сессиясында қазақ тілін үйрететін орталықтар құру туралы айтылды

Астанада Қазақстан халқы ассамблеясының XVII сессиясы өтті. Астана әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сессияға қатысушылар Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыруда Қазақстан халқы ассамблеясының ерекше орнын атап өтті.

Достық үйінде өткен жиын «Бірлік пен тұрақтылық — рухани жаңғырудың негізі» деп аталды. Сессияның жұмысын Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашты. Шараға ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, Астана мәслихатының депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, Аналар кеңесі, астаналық ассамблеяның ғылыми-сараптама тобы, этномәдени бірлестіктер, жастар қанатының белсенділері, қоғамдық және мемлекеттік қайраткерлер қатысты.

Біздің мемлекеттің тәжірибесі жаһандық деңгейде сұранысқа ие. Ол — 100-ден астам этнос пен 18 конфессия өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруі моделінің үлгісі. Астана тек тәуелсіз мемлекеттің символы ғана емес, ол — Мемлекет басшысының Қазақстанның дамыған елдер қатарына кіруі үшін елімізде жағымды жағдай жасауға бағытталған іргелі идеяларының негізі. Өтіп бара жатқан жыл елордамыздың 20 жылдығымен есте қалды. Барша қазақстандық үшін ол халықтық мерекеге айналды. Астанадағы ассамблея үшін ол ерекше есте қалмақ, себебі біз Маңғыстау облысынан Президентіміздің бейбітшілік пен келісім идеясы салтанат құруы үшін осы Достық үйін сыйлыққа алдық, — деп атап өтті Ермек Аманшаев.

Сессияға қатысушылар Қазақстан тәуелсіздігінің 27 жылында негізгі міндеттердің іске асырылғанын айтты.

Бүгін елордалық Қазақстан халқы ассамблеясының құрамында 22 этномәдени бірлестік бар. Олардың жұмысының арқасында біз қаламызда тұратын этностардың тұрмыстық мәдениетімен кеңірек таныса аламыз. Астанада 12 этнолингвистикалық орталық бар. Онда өскелең ұрпақ өкілдері өз халқының тілімен, мәдениетімен таныса алады. Республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының қалалық штабының құрылуы — бұл астаналық ассамблеяның даму бағдарламасын іске асырудағы тағы бір қадам, — деп қосты Ермек Аманшаев.

Ол Қазақстан халқы ассамблеясының қайырымдылық қызметі мен Достық үйі базасында «Парасат» қайырымдылық орталықтары мен мемлекеттік тілді үйрететін орталықтарды құру қажет екенін айтты.

Ассамблея
Фото: Астана әкімінің баспасөз қызметі

Сессияға қатысушылар бірлік, толеранттылық, келісім мен елдің көркеюі туралы идеяларын білдірді. Олар Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттер мен жаңа мақсаттарға жетуде үлкен жұмыстың күтіп тұрғанын айтты. Сессия барысында Астана Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері алғысхаттармен марапатталды.

Адамдар менің қазақ тіліне не себепті қызыққанымды білгісі келеді. Меніңше, тіл бұл тек араласу құралы емес, ол — бүтін халықтың тарихы мен дәстүрі. Қазақстан халқы туралы көп білу үшін, халықты түсіну үшін мен қазақ тілін үйреніп әрі қолданып жүрмін. Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттың тарихын, қазақ халқының ұлттық мәдениетін көбірек білуге мүмкіндік береді. Мен үшін бұл мақала өте қызықты. Қазақстан — бұл барлық этностың ортақ үйі. Түрлі ұлт бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл — жеке өзім үшін де, Корея үшін де тың жаңалық, таңғаларлық дүние. Меніңше, Қазақстанның тәжірибесі пайдалы әрі қызықты болатынына сенімдімін, — деді Еуразия ұлттық университетінің докторанты, Оңтүстік Кореядан келген Чу Янг Мин.

Қазақстан халқы ассамблеясы XVII сессиясының жұмыс қорытындысы бойынша резолюция қабылданды.