Алматы төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға ескерту жариялады

30 қарашада қар жауып, 1-2 желтоқсан күндері аяз болады.

Алматыда алдағы күндері жаңбыр мен қар жауып, одан кейінгі күндері аяз болады. Соған байланысты Алматы төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға сақ болуды ескертеді.

“Қазгидромет” РМК Алматы филиалының мәліметіне сүйенген департамент мамандарының хабарлауынша, 30 қарашада күндіз Алматыда соңы қарға айналатын жауын-шашын жауып, көктайғақ болады. Жел екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді. Ал 1-2 желтоқсан күндері түнде ауа температурасы 8-13 градус аязға дейін төмендейді.

Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаменті Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына:

– ауа райының өзгеруі мен енгізілетін шектеулер туралы ақпаратты қадағалап, ұқыпты болуға;

– көшеде тіректерден, ағаштардан, билбордтардан, электр желілерінен және сымдардан аулақ болуға;

– жеке көлікті қураған ағаштар мен ескірген ғимараттардың жанына қоймауға;

– құрылыс алаңдарында халықты және аумақты қолайсыз ауа райының әсерінен қорғау үшін қосымша шаралар қабылдауға;

– мүмкіндігінше құрылыс алаңдарындағы құрылыс-монтаж жұмыстарын шектеуге ескертеді.

Тұрғындар мен қала қонақтары төтенше жағдай болған кезде “112” телефон нөміріне қоңырау шалуы қажет.