Астана ТМД-дағы іскерлік және оқиғалар туризмінің үздік қаласы атанды

Астана іскерлік және оқиғалар туризмнің үздік қаласы ғана емес, жылдың үздік бизнес-дестинациясы атағына да ие болды. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәскеуде Business Traveler Russia & CIS Awards 2018 сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Онда халықаралық және ресейлік авиакомпаниялардың, әуежайлар, қонақ үй бизнесі, өнеркәсіптік құрылымдар, банктер, корпорациялар, топ-менеджмент және ірі халықаралық компаниялардың басшылары қатысты.

Business Traveller Awards жүлдесі қаланың жыл сайынғы іскерлік туризм саласындағы жетістіктері мен инновациялары үшін беріледі.

Business Traveler журналының оқырмандары жоғарыда аталған екі номинацияға Астананы лайық санады. Бұл жүлденің ерекшелігі — жеңімпаздарды қазылар немесе сарапшылар емес оқырмандар анықтайды.

Журналдың жазылушылары мен оқырмандарының қатарында ең ірі MICE-агенттіктер, қауымдастықтар, корпорациялар, іскерлік және туристік туризм нарығының басқа да қатысушылары, халықаралық және ресейлік бизнес мектептерінің бітірушілері, ресейлік және халықаралық ірі компаниялардың басшылары, банктер, мемлекеттік корпорациялар және жеке саяхатшылар бар.